БҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті 2022 жылдың 1 тоқсанында ойыншықтардың қауіпсіздігін бақылау мақсатында 22 ойыншықты сатып алып, зерттеді. Сатып алынған ойыншықтардың 4-еуі Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдерде және 18-і басқа елдерде өндірілген. Ойыншықтар таңбалау, органолептикалық көрсеткіштер, сәндік жабынның қорғаныс тұрақтылығы, формальдегид бойынша зерттелді.
"Ойыншықтардың қауіпсіздігі туралы" 008/2011 техникалық регламенттердің талаптарына сәйкестігіне зертханалық зерттеулер жүргізіліп, нәтижесінде 12 үлгіде таңбалау бойынша сәйкессіздіктер анықталды. Бұл барлық анықталған бұзушылықтардың 100%-ын құрады.
Анықталған сәйкессіздіктер бойынша кәсіпкерлік субъектілеріне ҚР заңнамасының талаптарын бұзушылықтарды жою туралы нұсқама берілді.
Балалар ойыншықтарын таңдау барысында қандай нәрселерге назар аудару қажет?
- Ойыншықты таңдау кезінде затбелгісіне назар аударыңыз. Онда тауардың атауы, өндірушінің атауы мен орналасқан жері, шығарылған күні, қызмет ету мерзімі, сақтау шарттары және ойыншықты күту әдістері (қажет болған жағдайда), ойыншықтың сапасының техникалық регламентке сәйкестігі туралы ақпарат көрсетілуі керек.
- Өнім жасалған материалға назар аударыңыз. Сыртқы түрі, иісі өнім туралы көп нәрсе айта алады. Ойыншықтар жасалған материалдар аллергенді және токсикологиялық қасиеттерге ие болмауы керек. Ойыншық бояуы ылғалға төзімді болуы, ал ойыншықтың өзінде иіс болмауы қажет.
- Әр ойыншықтың үшкір бұрыш, өткір бөліктері бар-жоғын тексеріңіз. Ойыншықтың кез келген бөлігі баланың жарақат алу қаупін болдырмауы керек. Егер сіз бір жасқа дейінгі кішкентай балаға ойыншық таңдасаңыз, мұндай тексеруді жүргізу - өте маңызды. Бала аузына апара алатын және кездейсоқ жұтып қоя алатын кішкентай ойыншықтарды таңдамаңыз.
- Егер сіз дыбыстық эффектілері бар ойыншықты таңдасаңыз, алдымен дыбыстың қатты емес екеніне көз жеткізіңіз. Тым қатты дыбыстар баланың есту қабілетіне зиян келтіруі мүмкін.
Батыс Қазақстан облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті тұрғындарға балалар ойыншығын сатып алар кезде сатушыдан ойыншықтарының қауіпсіздігін растайтын құжаттарды талап ету қажеттігін тағы да ескертеді.