Ет өнімдерінде сапа көрсеткіштері бойынша сәйкессіздіктер анықталды

Ет өнімдерінде сапа көрсеткіштері бойынша сәйкессіздіктер анықталды

Қызылорда облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау қызметінің мамандары а.ж. сәуір айында өнімдердің қауіпсіздігін мониторингілеуге 173 сынама сатып алды. Іріктеп алынған өнімдердің басым үлесі, яғни 71,7%-і тағам өнімдерінің үлесінде болса, 28,3%-ін тамақ емес өнімдер құрады. Оның ішінде отандық тауарлар қатары-  22,5%, Еуразиялық Экономикалық Одаққа мүше елдерде өнірілген өнімдер- 67,0% және өзге елдердің тауарлары - 10,4%.                                                          

Жүргізілген сараптамалар нәтижесімен сатып алынған барлық өнімдердің 14 үлгісі техникалық регламенттердің талаптарына сай келмей шықты. Атап айтқанда, 3 өнімнен микробиологиялық көрсеткіштер бойынша сәйкессіздіктер тіркелді. Ішек таяқшалары тобының бактериялары ет өнімдерінен - котлет, тефтели, тартылған ет сияқты жартылай фабрикаттардан табылды. Мұндай азық-түлікті пайдалану түрлі ішек инфекциялары мен тағамнан улану жағдайларына алып келуі мүмкін. Жедел ішек инфекцияларының жыл басынан бері тіркелген 281 жағдайының 88%-і тағаммен байланысты екендігі анықталған. Сондықтан бұл өнім түрлерін пайдаланар алдында міндетті түрде мұқият термиялық өңдеуден өткізу қажет.

Бұдан бөлек, физикалық-химиялық көрсеткіштер бойынша 2 өнімнен, таңбалануы бойынша 8 өнімнен бұзушылықтар тіркелді, сондай-ақ 1 өнімнің жарамдылық мерзімінің өтіп кеткендігі анықталды.

Сәйкессіздіктер тіркелген өнімдердің 7 сынамасы отандық өндірушілердің өнімі болса, 7 сәйкессіздік  Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдер мен өзге де шет елдерде өндірілген  өнімдер еншісінде.   

Техникалық регламенттер талаптарына сай келмеген отандық өнімдер бойынша өндірушілерге тиісті шаралар қабылдау қажеттілігі туралы хабарламалар жіберілді. Анықталған кемшіліктерге сәйкес 60 нысанға ҚР-ның  халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы заңнамасының талаптарын бұзуды жою жөніндегі нұсқамалар берілді. Тексерулер нәтижесімен ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 425 баптың 1 бөлімі бойынша  1 нысанға жалпы соммасы 45945 теңге айыппұл салынды. Сонымен қатар, техникалық регламенттердің талаптарына сәйкес келмеген  жалпы құны 7990 теңгені құрайтын 3,40кг тағам  өнімдері сатылымнан алынып тасталды.