ГМО туралы не білеміз?

ГМО туралы не білеміз?

Шығыс Қазақстан облысы Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментімен тұрақты негізде гендік модификацияланған өнімдердің сынамасын іріктеу бойынша тиісті жұмыстар атқарылады. ҚР ДСМ СЭБК «Ұлттық сараптама орталығы» Шығыс Қазақстан облысы бойынша филиалында тағам өнімдерінің құрамында ГМО бар-жоғын анықтау үшін зертханалық зеттеулер жүргізіледі.

2021 жылы ГМО  анықтау мақсатымен  296 сынама алынып зерттелді, оның ішінде 264 сынама тексеру мақсатында сатып алынған, оң нәтиже анықталған жоқ. 2022 жылдың 1-тоқсанында ГМО-ға 48 сынама алынды, оның ішінде 40 сынама тексеру мақсатында сатып алынған. Сараптама қорытындысында оң нәтиже берген сынама анықталған жоқ. 

ГМО деген не?

ГМО (гендік модификацияланған  организмдер) – геннің жиынтығы жасанды түрде өзгертілген организм. ГМО көбінесе ауыл шаруашылығында және тамақ өнеркәсібінде қолданылатын өсімдік түрлері. Бұл гербицид пен пестицидке төзімділікті арттыру, зиянкестерге төзімділікті арттыру және  егіннің өнімділігін арттыру үшін  құрамына бөтен гендер орналастырылған өсімдіктер.

Қандай  гендік модификацияланған  организмдер өсіріледі?

Бүгінгі күні гендік модификацияланған  организмдер көптеген елдерде өсіріледі. Алдыңғы қатарда АҚШ, Канада, Аргентина, Бразилия, Қытай, Австралия. Еуропада Испания, Германия, Болгария және  Румыния.  Дүние жүзінде бәрінен көп  өсірілетін генетикалық түрлендірілген  өсімдіктердің түрі: соя, жүгері, мақта, картоп, қызанақ, асқабақ және күріш. Қазақстанда жаздық рапс өсіріледі, дәлірек айтқанда рапстың 80% Солтүстік Қазақстан облысында өсіріледі.

Ұзақ зерттеулерден кейін қоршаған ортаға және адамның денсаулығына қауіпсіз деп танылатынына ғана рұқсат беріледі. Тағам өндіріснде осындай өсідіктерді қолдануға рұқсат бермес бұрын оны жан-жақты зерттеп, кейінгі ұрпаққа тигізер әсерін ескереді.

Егер құрамында гендік модификацияланған  организмдері бар тағам өнімдерін сатып алғыңыз келмесе, не істеу керек?

Тағамда ГМО барын анықтау үшін оның құрамын мұқият оқу қажет. Әдетте, өндірушілер тауар құрамындағы ГМО-ны ұсақ шрифтпен көрсетеді. «Модификацияланған» деген сөзді іздеңіз, көбінде бұл  түрлендірілген крахмал, түрлендірілген соя немесе түрлендірілген жүгері.

Тағамда ГМО жоқ болса, «ГМО  құрамында жоқ» немесе «ГМО-сыз» деген таңбасы болады. ГМО құрамында бар, бірақ  мөлшері нормадан аспайтын (0,9 %-тен көп емес) тағамдар да дүкен сөрелерінен кездеседі.

Сондай-ақ, тағам өнімінің сыртқы түріне назар аударыңыз. Гендік модификацияланған  организмдердің сыртқы формасында, түрінде мін жоқ.  Олардың пішіні дұрыс, мөлшері бірдей болады. Жаңа ген сыртқы ортаның қолайсыз жағдайына төзімділігін  арттыруы салдарынан көпке дейін бұзылмайды. Егер көкөністер жәндіктермен зақымдалған болса, онда сіздің алдыңызда табиғи өнім.