Оңтүстік мегаполисте кенеге қарсы өңдеу жұмыстарының бірінші кезеңі аяқталды

Оңтүстік мегаполисте кенеге қарсы өңдеу жұмыстарының бірінші кезеңі аяқталды

Ағымдағы жылдың 5-30 сәуір аралығында Алматы қаласының аумағында жалпы ауданы 2424,54 га болатын орман және қалалық саябақтар мен  алаңдар аумағында кенелерге  қарсы өңдеу жұмыстарының бірінші кезеңі жүргізілді. Өңдеу жұмыстарымен 8 орман (көлемі - 1904,924 га), 144 қала саябақтары мен жалпы көлемі 519,616 га алаңдар қамтылды. Оның ішінде аудандар бойынша:

-    Алатау ауданы – 2,93 га;

-    Алмалы ауданы –46,7 га;

-    Әуэзов ауданы –17,97 га;

-    Бостандық ауданы - 439,314 га;

-    Жетісу ауданы -50,05 га;

-    Медеу ауданы -1526,76 га;

-    Наурызбай ауданы -154,716 га;

-    Турксіб ауданы -186,10 га.

     Кенеге қарсы өңдеудің екінші кезеңін 2022 жылдың мамыр айының екінші онкүндігінде, ауа-райын ескере отырып, Алматы қаласының тұрғындарын мерзімінен бұрын хабардар ете отырып, құрғақ, жаңбырлы емес ауа-райында өткізу жоспарлануда. Сондай-ақ, акарицидтік іс-шаралар өтетін орындарда міндетті түрде ақпараттық белгілер қойылады, кенеге қарсы өңдеу жүргізу кезінде және одан кейін 3 тәулік ішінде саябақтарға мен табиғи ошақтарға бармау қажет.

      Айта кететін мәселе, оңтүстік мегаполис кене энцефалитінің эндемиялық аймағында орналасқан. Осыған байланысты, кенелердің эпидемиологиялық маусымы басталғаннан бері қаланың медициналық ұйымдарына (травматологиялық пункттер) кене шаққан 563 адам жүгінді, оның ішінде 14 жасқа дейінгі 310 бала (55%). Барлығына жедел медициналық көмек көрсетілді, кенеге қарсы иммуноглобулин енгізілді. 2021 жылдың ұқсас кезеңінде кене шағумен 441 адам медициналық көмекке жүгінді, оның ішінде 14 жасқа дейінгі балалар – 273 (61,9%), яғни кененің шағу саны 21,6% – ға өсті. Алдыңғы жылдары шағулар саны төмен болды, бұл коронавирустық инфекциялар бойынша шектеу шаралары кезеңінде табиғи ошақтарға (орман, қалалық саябақтар және т.б.) халықтың аз баруымен байланысты.

      Ағымдағы жылдың эпидемиологиялық маусымы басталғаннан бері кене энцефалитінің 1 жағдайы және кене боррелиозының 3 жағдайы тіркелді. Барлық науқастар қалалық ауруханаларда емделеді.

      Кене энцефалитінің алдын алудың негізгі шарасы вакцинация болып табылады. Қалада вакцинаны тұрғылықты жері бойынша (немесе тіркелген жері бойынша) аумақтық емханаларда дәрігердің кеңесінен кейін тегін алуға болады.

Кене энцефалитіне қарсы вакцинация курсы 1-7 ай аралығындағы екі инъекциядан тұрады (тиімдісі 2 айдан кейін). Бірінші және екінші вакцинация күзден көктемге дейінгі аралықта жасалады. Ревакцинация вакцинация курсы аяқталғаннан кейін 1 жылдан соң жүргізіледі. Бұдан кейін ревакцинацияны әр 3 жылда бір рет жүргізеді. Қажет болған жағдайда вакцинация жылдың кез келген уақытында, оның ішінде жазғы кезеңде де жүргізілуі мүмкін. Тек көктемде вакцинация туралы шешім қабылдағандар үшін шұғыл иммундау схемасы бар. Бұл жағдайда бірінші және екінші вакцина арасындағы аралықты 2 аптаға дейін қысқартуға болады. Алайда, барлық вакцинация кене инфекцияларының ошақтарына шыққанға дейін 2 апта бұрын аяқталуы керек екенін еске саламыз.

Кене энцефалитінің табиғи ошақтарына (ормандар, таулар және т. б.) барған кезде бірқатар ережелерді сақтау керек:

- кенелер жабысқан жағдайда көріну үшін ашық түсті, жабық киім кию қажет. Шалбардың балағын аяқ киімнің ішіне салып, киімнің үстінгі бөлігін шалбарға салу қажет. Шашты бас киімнің немесе орамалдың астына жинап, күртешеге тігілген бас киімді кию;

- кенелерді қайтаратын репелленттерді қолдану;

- кенелер жабысқан жағдайда бірден байқау үшін денеңізді және заттарыңызды жиі тексеріп, үйге оралғаннан кейін қайта мұқият тексеріп шығыңыз.

Кене шаққан жағдайда неғұрлым ерте мерзімде (кене шаққаннан кейін 4 күннен кешіктірмей) анықталған болса, серопрофилактикалық пункттеріне жүгіну қажет. Онда білікті медициналық көмек көрсетіліп, кене энцефалитіне қарсы иммуноглобулин енгізу жүзеге асырылады. Алматы қаласында кене шаққаннан зардап шеккендерге серопрофилактикалық көмек төменде көрсетілген медициналық ұйымдардың травматологиялық пункттерінде жүргізіледі:

1) Орталық қалалық клиникалық аурухана (Жандосов көшесі, 6, нөм: 274-84-43);

2) Жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасы (Қазыбек би көшесі, 96, нөм: 292-31-01);

3) №4 Қалалық клиникалық аурухана (Папанин көшесі, 220, нөм: 300-37-01);

4) №7 Қалалық клиникалық аурухана (ш.а. Қалқаман, 40, нөм: 270-86-14);

5) Балаларға шұғыл медициналық көмек көрсету орталығы (Манас көшесі, 40, нөм: 274-83-19).