
Лептоспироз – бұл қоздырғышы лептоспира (Leptospira) тектес бактериялар болып келетін жіті жұқпалы ауру.
Аталмыш ауру Павлодар облысында соңғы рет 2020 жылы тіркелді. Лептоспиоздың 5 жағдайы Павлодар қаласы мен Тереңкөл ауданында адамдар арасында тіркелді. Ошақтарда одан әрі таралуына жол бермеу үшін эпидемияға қарсы барлық қажетті шаралар жүргізілді. Жұқпа көзі егеуқұйрықтар, тышқандар, суырлар, иттер, ірі қара мал, жылқылар, доңыздар, кеміргіштер болуы мүмкін. Лептоспирозбен ауырған адам жұқпалы болмайды.
Лептоспироз жануарлар арасындағы жем және су арқылы беріледі. Адам суы бұзылған су қоймасында шомылып, бұзылған тамақ өнімдерін пайдаланған кезде, сондай ақ жара, сызаттар болса жұқпа шырышты қабық пен тері арқылы ағзаға енген кезде жұғуы мүмкін. Лептоспирозды таратушылар көп жағдайда кеміргіштер болуы мүмкін: ағынсыз суларға қоздырғыштар кеміргіштердің нәжісімен түседі. Кеміргіштерден адамға азық-түліктер арқылы да жұғады.
Жұқпа жұққан орында қабыну процесі болмайды, сондықтан да жұқтыру ешбір белгілерсіз өтеді. Инкубациялық кезең 2-30 күнге созылады. Бұдан соң аурудың белгілері шығады: дене қызуы 39-40 градусқа дейін көтеріледі, адам қатты қалтырай бастайды, бұлшықет, буындар, бас ауырады, жүрек айниды, тәбет жоғалады, көздегі қылтамырлар жарылады («қызыл көз» әсері), лимфалық түйіндер үлкейеді, аурушаңдық, тері бөртулер, сарғыштық пайда болады (сырқаттың сарғыштықсыз түрлері де болуы мүмкін).
Диагностика мен емдеу жолын инфекционист-дәрігер тағайындайды. Диагностиканың зертханалық әдістері лептоспироз диагнозын қоюдың ажырамас бөлігі.
Лептоспироздың алдын алу үшін ветеринарлы-санитарлық шаралар өте үлкен рөл атқарады, оларға ауру жануарларды анықтау және емдеу, жануарлармен қорғаныс киімінде жұмыс істеу шаралары жатады. Кеміргіштермен күресу тұрғын үйлерде, әсіресе, қоғамдық тамақтану объектілерінде, азық-түлік қоймаларында және дүкендерде жүргізілуі керек, себебі бұл жануарлар лептоспироз жұқпасын таратушы болуы мүмкін.
Ағынсыз су қоймаларында шомылмау керек немесе оған қатаң шектеу қою қажет. Жермен жұмыс істеген кезде қолғап киген жөн. Сондай-ақ, жұмыс күні аяқталған соң және тамақтану алдында қолды сабынмен жуу керек.
Гигиеналық нормаларды сақтау - лептоспироздың алдын алудың ұтымды жолы екенін есте сақтаңыз.