Қарағанды облысындағы өндірістік шаң әрекетінен туындаған кәсіптік ауру-сырқаулық ахуалы туралы

Қарағанды облысындағы  өндірістік шаң әрекетінен туындаған  кәсіптік ауру-сырқаулық ахуалы туралы

Өндірістік шаң дегеніміз - кәсіби зияндылықтың ең көп таралған қолайсыз факторларының бірі. Ол - технологиялық процестер шаңы пайда болатын және шығатын өндірістік кәсіпорындарда кездеседі, бұл барлық өнеркәсіптік кәсіпорындардағы жұмыс істейтін адамдарға өз әсерін тигізеді.

Қарағанды облысында өнеркәсіптік, радиациялық-қауіпті объектілерді қадағалау бөлімінің бақылауында 1339 өнеркәсіптік кәсіпорын бар, жұмыс істейтіндердің жалпы саны 118 707 адам, оның ішінде 30 286 әйел. Зиянды еңбек жағдайларында 71 186 (59,9%) адам, оның ішінде 16 882 әйел (жұмыс істейтіндердің жалпы санының 14,2%) жұмыспен қамтылған. Еңбек жағдайларын бағалау мақсатында 2022 жылдың 1–ші тоқсанында өнеркәсіптік объектілерде жұмыс аймағы ауасының 44 сынамасы зерттелді, оның нәтжесінде ШРК артуымен - 15 сынама (3,4 %) анықталды.

Кәсіпорындардағы бұзушылықтарды анықтау тексерісінің тиімділігі бойынша көрсеткіштің жоғары болуына, яғни  1-тоқсанында 100% құрағанына қарамастан,  Қарағанды облысында өнеркәсіп кәсіпорындары жұмысшыларының кәсіптік аурушаңдығы жағдайларының санының өсуі байқалып отыр.

Қарағанды облысында ағымдағы жылдың 1-ші тоқсанында өнеркәсіптің барлық салалары бойынша кәсіби сырқаттанушылықтың 268 жағдайы, оның ішінде  шаңның  әсерінен туындаған 84 жағдайды (31,3%) (силикоздар, бронхиттер, антракосиликоздар, пневмокониоздар) анықталған.

Шаң - бұл ауада тоқтап, бірнеше ондағаннан микрометрдің (мкм) фракцияларына дейін баяу қозғалатын қатты бөлшектер. Өндірістік шаң табиғи және жасанды, минералды және органикалық болуы мүмкін. Шаң бөлшектерінің мөлшері, олардың пішіні, консистенциясы, электр заряды, ерігіштігі және химиялық құрамы сияқты сипаттамалар шаңды гигиеналық бағалау үшін де, денсаулыққа ықтимал қолайсыз әсерлердің сипаты мен ауырлығы тұрғысынан да маңызды рөл атқарады. Әдетте бөлшектердің мөлшері неғұрлым аз болса, соғұрлым олар ауада ұзақ уақыт қалады, терінің, бронхтың және альвеоланың ең кішкентай тесіктеріне енеді. Шаң бөлшектерінің ұзақ уақыт әсерінен туындаған диагноздардың негізгі түрлері пневмокониоздар мен силикоздар болып табылады, алайда патологиялық процестер басқа ауруларға, соның ішінде ларингит, бронхит, пневмония, онкологиялық аурулар, терінің зақымдануы және т. б. ауруларға әкелуі мүмкін.

Бұл аурулардың алдын алу үшін ең алдымен, жұмысшылардың денсаулығына әсер ететін жұмыс орнындағы шаңды және басқа да зиянды факторларды мерзімді бақылау,  еңбек жағдайларына мониторинг жүргізу қажет. 

Шаңның әсерінен туындайтын ауруларымен күресте жұмысшыларды алдын-ала және мерзімді медициналық тексерістерден өткізудің  маңызы зор. Жұмысшыларды алдын ала медициналық тексерудің басты мақсаты- денсаулық жағдайы бұзылған адамдарды шаңның әсерінен денсаулығына зиян келтірмеу үшін осындай жұмысқа жібермеу.  

Мерзімді медициналық тексерулердің мақсаты белгіленген мерзімде шаңның ағзаға әсерін анықтау және бастапқы кезеңде бронхоөпке жүйесі ауруларын анықтау, осылайша  ауыр патологияның дамуының алдын алуға болады.

Шаңның әсерінен болатын аурулардың алдын алу мақсатында медициналық-профилактикалық және техникалық-технологиялық сипаттағы жеке және ұжымдық шараларды қамтитын іс-шаралар кешенін жүргізу қажет. Ең радикалды әдіс - жұмыс аймағы ауасының шаңмен ластану мүмкіндігін толығымен жою. Мұны технологиялық процесті рационализациялау, яғни жабдықты, технологиялық желілерді және т. б. максималды герметизациялау арқылы қамтамасыз етуге болады. Мысалы, дымқыл ұнтақтау, араластыру әдісін қолдана отырып, кірпіш, цемент өндіру барысына және басқа да өндірістерде осы процестерде шаңның пайда болуын толығымен жоюға болады. Құмның орнына металл бөлшектерін қолдану арқылы құюды тазарту кезінде технологиялық процесті рационализациялау шаңның пайда болуын күрт төмендетеді, ал гидроқұмтазартқышты қолдану шаңның пайда болуын толығымен жояды.

Зиянды факторлар бөлінетін жеке технологиялық процестер мен жұмыстардан адамдарды оқшаулау – осы әдістердің бірі болуы мүмкін. Мұндай тиімді әдіске  механикаландыру және автоматтандыру арқылы қол жеткізуге болады. Бұл мүмкін болмаған жағдайларда шаң пайда болған жерлерде арнайы сору желдеткішін орнату және басқа жұмыс учаскелерінен ауада шаң бөлінетін процестерді оқшаулау қажет. Қабылданатын шаралардың көлеміне қарамастан үй-жайларды ылғалды тәсілмен мұқият жүйелі тазалаған жөн.

Жеке алдын алу шаралары- жұмысшыларды арнайы киіммен, респираторлармен, өнеркәсіптік газ маскаларымен, шлеммен және көзілдірікпен жабдықтау. Санитариялық-техникалық насихаттау жұмыстары және жұмыстың қауіпсіз әдістеріне оқыту қосымша жүргізілуі тиіс. Өндірісте санитариялық-тұрмыстық үй-жайлардың кешендері болуы керек. Зиянды әсерлерден аулақ болу мүмкін болмаған жағдайда жұмыс пен демалыстың ерекше режимін (қысқартылған жұмыс күні, қосымша демалыс және т.б.) белгілеу маңызды шаралардың бірі болып табылады.