Шетелге шығатын туристерге арналған ұсыныстар

Шетелге шығатын туристерге арналған ұсыныстар

  Демалыс уақыты келді, осыған орай елден тыс жерлерге шығып, демалғысы келетін тұрғындардың саны өсті. Аса қауіпті жұқпалы аурулардың енуіне жол бермеу үшін олардың берілу жолдары мен алдын алу шаралары туралы білу аса қажет.

  Туристерге бөтелкедегі немесе қайнатылған суды ішуге, тамақтану кезінде ыдыс-аяқты пайдалану қағидаларын сақтауға, жемістер мен көкөністерді қайнатылған немесе бөтелкедегі сумен жақсылап жууға кеңес береміз. Сондай-ақ, тек бассейндер мен арнайы су қоймаларында жүзген абзал. Өзіңіз жайғасқан бөлме маса-кенелерден қорғалуы тиіс,  ол үшін москит торларын, төсеніштерді, инсектицидтерді қолданыңыз,  кешкі уақытта серуендеу кезінде ұзын жеңді киім, шалбар немесе ұзын көйлек киіңіз. Дененің ашық бөліктерінде жәндіктерден қорғайтын репелленттерді қолдануды ұмытпаңыз. Егер де денсаулығыңыз нашарласа  бірден  маманның көмегіне жүгініңіз.

  Саяхатқа шығатын елді таңдаған кезде, әлемдегі аса қауіпті инфекциялар бойынша эпидемиологиялық жағдаймен танысуды ұмытпаңыз. Мәселен, осы жылы Конго Демократиялық Республикасында обаның 1 жағдайы тіркелді. Инфекция көзі - ауру жануар және науқас адам.

  Оба тасымалдаушылары бүргелер, кенелер болуы мүмкін. Обамен ауыратын түйелер мен жабайы жануарларлар (қоян, түлкі, суыр), сондай-ақ олардың өнімдері адамдарға үлкен қауіп төндіреді. Инфекция жұқтырғаннан бастап алғашқы белгілердің пайда болуының арасы 6 күнді құрайды. Осы жылы әлемде тырысқақтың 5787 жағдайы тіркелді, оның ішінде 75 адам қайтыс болды, олар Африка өңірінің 8 елінде, Батыс Тынық мұхиты өңірінің 2 елінде, Оңтүстік-Шығыс Азияда тіркелді.

   Инфекция көзі - ауру адам немесе инфекцияны тасымалдаушы. Инфекция сапасыз суды, жуылмаған көкөністер мен жемістерді пайдаланғанда, сондай-ақ тұрмыстық заттар арқылы арқылы жұғуы мүмкін. Инкубациялық кезең  3-5 күнді құрайды.

   Тропикалық және субтропикалық климат елдерінде соңғы жылдары Денге безгегі бойынша эпидемиологиялық жағдай  қолайсыз. Бүгінгі таңда әлемде 280 мыңнан астам жағдай тіркелген, оның ішінде 318 өліммен аяқталған. Америка аймағында 221674 жағдай тіркелді, оның ішінде 70 жағдайында науқас қайтыс болды.

    Денге безгегі - өткір вирустық ауру, оның тасымалдаушысы ретінде  Aedes aegypti масалары саналады. Әдетте симптомдар маса шаққаннан  кейін 5-7 күннен соң пайда болады, науқастың дене қызуы көтеріледі,  басы,  бұлшықеттері ауырады,  теріде бөртпелер шығып, қышиды. Денге безгегінің қарапайым түрімен ауырған кезде адам айығып кетуі мүмкін, геморрагиялық түріндегі жағдайлардың 50% өліммен аяқталады.

   Конго - Қырым геморрагиялық қызбасы (КҚГҚ) да өте қауіпті жұқпалы ауру. Әлемде 7 жағдай тіркелсе, оның ішінде 2 адам қайтыс болған.

    Ірі және ұсақ мал, кеміргіштер, жабайы сүтқоректілер инфекция көзі болып табылады.  Негізгі тасымалдаушылар-Hyalomma түрлерінің кенелері. КҚГҚ вирусы адамдарға кене шағып алған кезде, жұқтырылған қанмен немесе жануарлардың тіндерімен байланыста болған кезде беріледі. Адамнан адамға қызбаны жұқтырған адамдардың қанымен немесе басқа да сұйықтықтарымен тығыз байланысқа түскен кезде берілуі мүмкін. Инкубациялық кезеңі - 2-14, көбінесе 3-5 күн.Ауру дененің жоғары қызуынан, мұрыннан, инъекция орындарынан қан кетуінен басталады. Бұл аурудан өлім көрсеткіші жоғары. Адамнан адамға инфекцияның берілу қаупін азайту үшін КҚГҚ жұқтырған адамдармен тығыз байланысқа  түспеуге кеңес береміз.

    Бұл, сіз саяхат кезінде тап болатын  немесе Қазақстанға әкелінуі мүмкін  инфекциялық аурулардың қысқаша ғана тізбесі. Бүгінгі таңда біздің елімізде жоғарыда аталған аурулар тіркелген жоқ, дегенмен, біз ұсыныстарды орындап, жеке гигиена ережелерін ұмытпауға кеңес береміз,  демалысыңыз алаңсыз өтсін!