Алматы облысында гепатит аурушаңдығы төмендеген

Алматы облысында гепатит аурушаңдығы төмендеген

               Алматы облысында ағымдағы жылы вирусық «А» гепатитінің 21 жағдайы тіркелді, оның ішінде 14 жасқа дейінгі балалар арасында– 4 жағдай орын алып отыр (19%). Өткен жылмен салыстырғанда сырқаттанушылық 2 жағдайға төмендеген. 2021-2022 оқу жылында облыстағы 799 мектептердің ішінде 3 мектеп зақымдалды (0,4%).

              Вирустық гепатиттер вируспен шақырылатын, бауырды зақымдаумен сипатталатын және сарғаю белгісі болатын сырқат. Жұқпаның тұрғындар арасында берілу жолы мен таралуы әртүрлі. Вирустық гепатиттердің бірнеше түрлері кездеседі, соның ішінде ең кең таралған түрі  вирустық «А» гепатиті. Вирустық гепатитпен тек қана адам ауырады және барлық жағдайда да жұқпа көзі – ауру адам.

              Вирустық «А» гепатиті - вируспен ластанған қол, су, тағам өнімдері арқылы беріледі. Вирустық «А» гепатиті – ол лас қолдың ауруы, көбінесе жеке бас тазалығын сақтамайтындар ауырады, жиі балалар.

              Вирустық «А» гепатитіне күз-қыс айларындағы маусымдылық тән, бірақ жаз айларында ыстық мезгілде су тұтыну күрт жоғарылағанда тұрғындардың сапасыз ауыз суын пайдалануы орын алады. Күзде жағдай ушығады, жаңадан құрылған ұйымдастырылған ұжымдар арасында (мектеп, мектеп – интернаттары, балабақша) науқас адам болған жерде жұқпа еніп, жұқпаның тез және кеңінен таралуына мүмкіндік пайда болады. 

             Вирустық «А» гепатитін төмендетудің негізгі және тиімді шаралардың бірі - иммундау. Облыс бойынша 2003 жылдан бері ең тиімді алдын – алу шарасы ретінде тұрғындар арасында вирустық «А» гепатитіне қарсы арнайы иммундау жүргізілуде. 2011 жылдың соңынан облыс әкімімен қаржы бөлініп, вирустық «А» гепатитіне қарсы 2 жастағы балалар және эпидемиологиялық көрсеткіш бойынша ошақта қарым-қатынаста болғандар иммундаумен қамтылуда. Иммундаудың нәтижесінде 2012 жылдан бері облыс бойынша вирустық «А» гепатиті 13,4 есеге төмендеді.

Сонымен қатар, вирустық «А» гепатитімен зақымдалу және таралуының алдын алу үшін келесі шараларды да есте сақтаған жөн:

- міндетті түрде қарапайым жеке бас тазалығын сақтау және дәретханадан кейін, сырттан келгенде, тамақ ішер  алдында қолды сабындап жуу;

- белгісіз су көздерінен суды тұтынбау, тазалығы күмәнді суаттарда суға түспеу;

- қайнатылған немесе бөтелкедегі суды пайдалану;

- бейберекет сауда орындарынан азық-түлікті сатып алмау;

- міндетті түрде жеміс-жидектерді, көкөністерді таза сумен мұқият жуу;

- үй-жайларда, дәретханаларда тазалықты қамтамасыз ету.