Атырау облысының ауыз су сапасы қандай?

Атырау облысының ауыз су сапасы қандай?

              Ауыз судың санитарлық-эпидемиологиялық жағдайы адам денсаулығына маңызды, судың санитарлық-эпидемиологиялық сапасының төмендеуі адам денсаулығына әсер етіп, түрлі жұқпалы аурулардың таралуына әкелуі мүмкін.

             Тұрғындарды сумен қамтамасыз етудің негізгі шарты - ауыз судың сапасы мен қауіпсіздігі, яғни микробиологиялық және санитариялық-химиялық көрсеткіштер бойынша санитариялық талаптарға сәйкестігі болып табылады. Ауыз су сапасын бақылау мониторинг жүргізу мен өндірістік бақылау үшін зертханалық зерттеу арқылы және сумен жабдықтау объектілерін жоспарлы тексерулер жүргізу арқылы қамтамасыз етіледі.

            Бүгінгі күні Атырау облысы халқының орталықтандырылған сапалы ауыз сумен қамтылу көрсеткіші 99,6%,оның ішінде ашық су көзінен 94,1%, жер асты су көздерінен халықтың 5,5% және орталықтандырылмаған сумен жабдықтау көздерін халықтың 0,2%, тасымал су арқылы халықтың 0,1% пайдаланады.

           Атырау облысы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің аумақтық бөлімшелерімен мониторинг шеңберінде 2022 жылдың 1 тоқсанында сумен жабдықтау нысандарынан санитариялық-химиялық және микробиологиялық зертханалық зерттеуге 115 су сынамасы алынып, оның 3 сынамасынан микробиологиялық көрсеткіштері бойынша сәйкессіздік анықталды, 17 сынамасынан санитариялық-химиялық көрсеткіштері бойынша гигиеналық нормативтерге сәйкес келмеді.

          Анықталған сәйкессіздер бойынша сумен жабдықтау субъектілеріне санитариялық – эпидемияға қарсы және санитариялық – профилактикалық іс-шараларды жүргізу туралы қаулы берілді және жергілікті атқарушы органдарға ақпарат жіберілді.

         Санитариялық-профилактикалық шараларды өткізгеннен кейін, қайталама зертханалық зерттеулердің нәтижелері бойынша су сынамалары гигиеналық нормативтерге сәйкес келді.

         2022 жылдың 1 тоқсанында сумен байланысты жұқпалы аурулар  облыс көлемінде тіркелген жоқ.