
Түркістан облысында жыл басынан бері жалпы туберкулездің алғашқы анықталған 107 жағдайы тіркеліп, 100 мың халыққа шаққандағы көрсеткіш 5,28 құрады. Өңірде 14 жасқа дейінгі балалар арасында туберкулез ауруынан эпидемиологиялық жағдай күрделі күйінде қалып отыр. Жыл басынан бері 4 жағдай тіркелді. Аталған ауруды жұқтырмау үшін не істемек керек?
Алдын алу! Аса қауіпті жұқпалы аурулардың қатарына жататын туберкулез аурушаңдығының алдын-алумен қоғам болып күресу керек. Медицина қызметкерлері өздеріне бөлінген учаскелері бойынша тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуді қарқындатып, ауру симптомдары білінген науқасқа тез арада тексерулер тағайындау сынды процестер маңызды рөл атқарса, өз кезегінде қарапайым азаматтардың да туберкулездің ерте анықталуы бойынша белсенділік көрсетуі маңызға ие.
Себебі, дене қызуы жоғарылап, жөтелі асқынғанша медицина қызметіне жүгінбей, салғырттықпен асқындырып алатындар жиі кездеседі. Республика бойынша Түркістан облысында туберкулез аурушыңдығының эпидемиологиялық ахуалы салыстырмалы түрде тұрақты.
Ауруды ерте анықтаудың бірден-бір тиімді жолы - ересектер мен жасөспірімдер флюорографиялық тексеруден өтуі қажет. Нәрестелер арасында туберкулездің алдын алудың тиімді жолы – БЦЖ екпесі болса, 6-7 жастағы балалар манту сынамасымен тексерілуі қажет.
Сондықтан туберкулезге қарсы екпені уақытылы салдыру маңызды рөл атқарады. Түркістан облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасымен бірлесіп, туберкулез ауруының алдын-алу үшін жыл сайын іс-шаралар кешенін жүргізіп келеді. 2022 жылы облыс бойынша мүдделі ведомстволармен бірлесіп, 24 ақпан - 24 наурызы аралығында «Туберкулезбен күреске инвестиция салыңыз. Өмірді құтқарыңыз» атты айлық ұйымдастырылды.
Айлық аясында өткізілген іс-шаралар профилактикалық тексерулерден уақытылы өтудің маңыздылығы жөнінде хабардар болуға, республиканың әрбір азаматының денсаулығын сақтау және нығайту үшін жауапкершілігін арттыруға мүмкіндік берді. 2021-2022 жылдардың қаңтар-ақпан айларында туберкулез аурушаңдығының асқыну жағдайлары тіркелмеді.
Туберкулез ауруының жұғу жолдары:
Ауа тамшылары арқылы таралатын Кох таяқшасы ауруы адамнан-адамға жөтелгенде, түшкіргенде, қарым-қатынас жасағанда жұғады. Бактериялы ауаны жұтқан адам тыныс алу жолдары мен өкпеге түседі. Туберкулез ауруы көбінесе өкпеде дамиды.
Қалай сақтану керек?
- Салауатты өмір салтын ұстану – жүйелі түрде белсенді дене шынықтырумен айналысу, жақсы демалу;
- Тиімді тамақтану - бұл ет пен сүт, балық өнімдерін, көкөністер мен жеміс-жидектерді жеткілікті мөлшерде қолдану;
- Зиянды әдеттерден аулақ болу - темекі, алкоголь, есірткіні тұтынбау;
- Жеке бас гигиеналық тазалық тәртібін сақтау – жуғыш заттар мен таза суды пайдаланып қолды, ыдыстарды жуу, жеке ыдыс қолдану, жөтелген және түшкірген кезде мұрын мен ауызды бүркемелеу;
- Үй ішін мезгіл-мезгіл желдетіп, (ылғалды) тазалап отыру;
- Қоғамдық орындарда қақырынып, түкірінбеу;
Себебі бұл әрекет аурудың таралуына ықпал ететін факторлардың бірі саналады.