
Суық мезгіл өтті, күн жылынып, ауа-райы жақсарды. ЖРВИ және тұмаумен сырқаттанушылық бойынша эпидемиологиялық маусым да аяқталуда.
Павлодар облысында ағымдағы эпидемиологиялық маусым айтарлықтай күрделі болды, себебі коронавирус инфекциясымен сырқаттану көбейді, адамдар суықтың алғашқы белгілері кезінде бірден емдеу ұйымдарына жүгінді. 2021 жылғы 1 қазаннан бастап 2022 жылғы қазіргі уақытқа дейін ЖРВИ-мен сырқаттанған 60 мыңға жуық адам тіркелген, оның ішінде 14 жасқа дейінгі 23,5 мың бала және жүктілік кезеңіндегі 235 әйел. Өткен маусымда осындай кезеңде жіті вирустық инфекциямен ауыратындар шамамен 30,5 мың болды, оның ішінде 14 жасқа дейінгі 10,5 мың бала, ал жүкті әйелдер арасында 76 жағдай тіркелген.
Осы эпидемиологиялық маусымда ЖРВИ – дан стационарлық емдеуді 2900-ден астам адам қабылдады, өткен жылы – 1 327 көрсетті, яғни осы маусымда науқастар екі есе көп болды.
Сонымен қатар, «пневмония» диагнозымен 2 180 павлодарлық стационарлық бақылауда болды, оның ішінде 8 жүкті әйел және 14 жасқа дейінгі 554 бала. Өткен маусымның сәйкес кезеңінде осындай диагнозбен 3 091 адам емдеуге жатқызылды, оның ішінде 10 жүкті әйел және 99 бала.
Өткен эпидемиологиялық маусымда тұмаудың бір ғана жағдайы тіркелді, ал ағымдағы кезеңде тұмаумен 12 адам ауырған.
Эпидемиологтар тұмау мен басқа да ЖРВИ ауа-тамшылы жолдармен жұғып, адамның тыныс алу жолдарына теріс әсер ететінін еске салады. Тұмау вирусының таралуы науқас және оның айналасындағы адамдар жеке гигиена ережелерін сақтамаған кезде, оның ішінде жалпы күтім заттарын (сүлгі, қол орамал, ыдыс-аяқ және т.б.) пайдаланған кезде де тұрмыстық байланыс жолымен жүруі мүмкін.
Осы ретте біздің бірнеше ұсыныстарымыз бар: дене белсенділігін арттыру - дене шынықтырумен айналысыңыз, дұрыс тамақтаныңыз, уақтылы және жеткілікті демалыңыз, дәрумендер мен минералды кешендерді қабылдаңыз. Жеке гигиена ережелерін сақтау өте маңызды: қолыңызды жиі жуыңыз, үй-жайларды желдетіңіз, таза ауада көбірек жүріңіз. Тұмаудың алғашқы белгілерінде үйде болу және дәрігерді шақыру өте маңызды. Тұмаумен ауырғанда өзін-өзі емдеуге болмайды! Өз денсаулығыңызды сақтаңыз.