Кәріз жүйесінің маңыздылығы қандай?

Кәріз жүйесінің маңыздылығы қандай?

              Ешқандай тұрғын үй жылу, су және кәріз жүйесімен жабдықтаусыз болуы мүмкін емес. Қажет болған жағдайда, басқа шаруашылық-тұрмыстық жүйелерді қоспағанда, ғимарат қалалық коммуникациялардан алыс орналасқан жағдайда да, тұрғындар өздеріне жайлы жағдай жасауға тырысады.

              Кәріз жүйесі – адам тіршілігінің шаруашылық-тұрмыстық жиындыларын және жаңбырлы сарқынды суларды, сұйық өнімдерді шығаруға  арналған сумен жабдықтау мен су бұру жүйесінің құрамдас бір бөлігі.

              Шымкент қаласының тұрғындары орталықтандырылған кәрізбен 60% қамтамасыз етілген. Көбінде бұл, қаланың орталық бөлігін қамтып отыр. Қаланың өркендеуімен тіпті қала шетіндегі жеке тұрғын үйлер мен кәсіпкерлік нысандар да септиктермен жабдықталады. Кәрізденбеген және ішінара кәрізденген жерлерде жергілікті су бұруды орнатуға рұқсат етіледі. Бұл, сарқынды суларды жинау, уақтылы тазалау жүргізілетін, жалпы немесе бөлек жерасты су өткізбейтін гидравликалық сифондары бар қақпақтармен жабдықталған шұңқырларда (септикте) жүзеге асырылуы тиіс. Шұңқырлар (септик) 2/3 бөлігіне дейін толғанда, сарқынды су ағызу станциясына арнайы автокөлікпен шығарылу керек.

             Сарқынды суларды ашық су айдындарына, іргелес аумаққа, сіңіргіш құдықтарға жинауға, ағызуға жол берілмейді. Жергілікті сарқынды суды жинау жан-жағы бетондалған шұңқырларда (септиктерде) жүзеге асырылу қажет. Бірақ, септиктер әрдайым талаптарға  сәйкес жабдықтала бермейді. Көбінесе сарқынды сулар үшін арнайы жабдықталмаған, жай ғана қақпақсыз, бетон негізі жоқ шұңқырлар қазылып қолданылып жатады.

             Септиктерден  лас су сарқыны уақтылы сорып шығарылмаған жағдайда, септиктің толып кетуінен сарқынды сулардың төгілуі орын алады. Бұл топырақтың ластануына, жағымсыз иістің шығуына, жерге сіңіп, бактериялық ластануларға алып келуі мүмкін. Мұндай жағдай көршілердің шағымдануына әкеліп соқтырады, бұдан бөлек қаламыздың эстетикалық келбетін бұзады.

             Соңғы жылдары Шымкент қаласының жаңа шағын аудандары мен тұрғын үй алаптарында орталықтандырылған кәріз жүйелерінің құрылысы жүріп жатыр. Орталықтандырылған кәріз жүйелеріне қосылу тұрғындарды септиктерді тазалау, ағынды суларды арнайы автокөлікпен шығару, шайынды судың толып, сыртқа ағуы, көршілермен келіспеушілік тудыру сияқты мәселелерден құтқарады. Сондықтан да, мәселенің оңтайлы шешімі тұрғын үйлер мен кәсіпкерлік объектілерін орталықтандырылған кәріз желілеріне қосу болып табылады.