«Үлкен күрестегі кішкентай жеңіс: ковид індетіне бейімделген стационарлар бірінен кейін бірі босап жатыр»

«Үлкен күрестегі кішкентай жеңіс: ковид індетіне бейімделген стационарлар бірінен кейін бірі босап жатыр»

              Осыдан бірнеше күн бұрын атыраулық дәрігерлердің коронавирус індетіне шалдыққан соңғы науқасты емдеп шығарғаны туралы ақпарат барша қазақстандықтарды қуантқан еді. Өкпесінің 40 пайыз зақымдануымен модульдік ауруханаға түскен 70 жастағы Сәуле Жолдыбаева медицина қызметкерлерінің көмегімен дертіне дауа тауып, ауруынан құлан таза айығып шықты. Ал еліміздің басқа өңірлеріндегі ахуал қандай?!

             Түркістан облысында коронавирус инфекциясы бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Өңірде инфекциялық стационарларда 809 төсек-орын жасақталған, дегенмен қазіргі уақытта барлығы бос, өйткені COVID-19 диагнозымен бірде-бір науқас жоқ.

              Еліміздің батыс аймағындағы аурушаңдық көрсеткіштері де қалыпты, күрделену жағдайлары жоқ. Ақтөбе облысының инфекциялық стационарында 5 науқас емделсе, Батыс Қазақстан облысында-3, Маңғыстау облысында - 6 науқас ем қабылдауда.

              Қызылорда облысында стационарлық емде 10 пациент, Шымкентте – 12, Ақмола облысында – 14, Павлодар мен Қарағанды облыстарында- 26, Нұр-Сұлтанда- 30, Жамбыл облысында – 35, Шығыс Қазақстан облысында – 40, Солтүстік Қазақстан облысында – 38, Алматы қаласында - 49 адам бар. Емделушілердің ең көп саны Алматы облысының ковидтік ауруханаларында – 88 науқас.

              Коронавирус инфекциясынан қорғанудың ең тиімді жолы – аурудың алдын алу. Егер әрбір азамат ұжымдық иммунитет қалыптастыру үшін вакцинация қарқынын төмендетпей, ревакцинациядан уақытылы өтуді жалғастыратын болса, ауруханаларында бірде-бір науқас қалмаған Атырау мен Түркістан облыстарындағыдай жағдай еліміздің өзге де аймақтарында орын алуына үлес қосқан болар еді.