
Шығыс Қазақстан облысында «сарып» аурушаңдығы адамдар мен жануарларда жиі кездесетін жұқпалы аурулардың бірі.
2021 жылдың қорытындысы бойынша адамдар арасында сырқаттанушылық 23,1%-ға (2020 ж. салыстырғанда) төмендегені байқалды. Ағымдағы жылдың 2 айында сырқаттанушылық 2021 ж. салыстырғанда бірдей деңгейде болып отыр. Осы жылы бруцеллез жағдайы Үржар ауданының аумағында анықталды.
Көпжылдық сараптама жұмыстарының нәтижелері бойынша бруцеллезбен ауырғандардың ауру малдармен тікелей байланыста болатын ауылдық жердің тұрғындары, ал қалғандары қала тұрғындары. Олар – термиялық өңделмеген ет-сүт өнімдерін пайдаланғанда, белгісіз адамдардан сатып алынған, көшедегі ұйымдастырылмаған сауда орындарынан сатып алған ет-сүт өнімдерінен жұқтырғандар.
Көбінесе еңбекке жарамды жастағы (18-59 жас) адамдар ауырады, олардың үлес салмағы ауырғандар санының 71,1 - 86,4%-ын құрайды. Аурушаңдықтың негізгі 62,2 - 81%-ы ер адамдарға келеді.
Облыс бойынша бруцеллез аурушаңдығы малға күтім жасау жұмысына байланысты болғандықтан, сырқаттанғандардың жалпы санынан 80%-ға дейінгісі жеке мал иелеріне келеді, қалған пайызын малға күтім жасауға көмектесетін туыстары, көршілері немесе тұрақты жұмыс орны жоқ адамдар үлесі құрайды.
Бруцеллез туралы не білу қажет?
Бруцеллез – тірек-қимыл, жүйке, жүрек-қантамыр жүйелерін зақымдайтын, жиі мүгедектікке әкелетін, қиын емделетін жұқпалы ауру.
Адамдар үшін аурудың жұқтыру көзі тек ауру жануарлар (қой, ешкі, ірі қара мал, шошқа және т.б.) болып табылады. Дені сау жануарларға ауырған малдармен бірге ұстау кезінде жұғады. Малдарда бруцеллездің ең жиі белгісі – түсік (аборт), өлі ұрықтың тууы және бедеулік.
Адамдарға ауру жануарларға күтім жасау кезінде сақтық шараларын сақтамау, инфекция жұқтырған өңделмеген сүт және ет өнімдерін пайдаланған кезде жұғады. Сондықтан, жануарларды күту кезінде резеңке етік, қолғаптар, арнайы халаттар, алжапқыш, орамал тағу қажет. Артынан оларды қалған киімнен бөлек жуып-шаю қажет. Жануарларға күтім көрсету жұмыстары жүргізілгеннен кейін қолды мұқият жуу қажет. Мал ауласын қидан тазарту қажет, өйткені қида ауру қоздырғышы жарты жыл бойы сақталады. Қазақстан Республикасында рұқсат етілген құралдармен алдын алу мақсатында дезинфекциялау жұмыстарын жүргізу керек. Көшеде сүт, қаймақ, кәуап және ет сатып алмау керек, бұл азық-түліктерді ветеринарлық бақылаудан өтетін базарлардан сатып алған жөн.
Бруцеллезбен ауырған кезде науқастың дене қызуы көтеріліп (5 күн және одан да көп уақыт 37,5°С-тан жоғары), жалпы әлсіздік, тез шаршау, бас ауруы, ұйқының бұзылуы, қалтырау, тершеңдік белгілері болады. Науқастарда буындардың, бұлшықеттердің және белдің ауыруы байқалады. Көрсетілген ауру белгілері пайда болған жағдайда, медициналық мекемеге жүгіну қажет. Емделмеу салдарынан бала туу қызметінің бұзылуы (әйелдерде де, еркектерде де), жүйке, тірек-қимыл және жүрек-қантамыр жүйелерінің зақымдануы сияқты асқынуларға және нәтижесінде мүгедектікке әкеп соғады.
Мал иелері малдарға, әсіресе сүтті мал басына ветеринарлық және зертханалық тексерулер жасатып, мұқият қарауы тиіс. Бруцеллез ауру малдан жұғатынын ескере отырып, ауру жануарларды анықтау және жою, сыртқы ортада микробтарды жою (дезинфекция), ет-сүт өнімдерін термиялық өңдеу (сүтті қайнатқаннан кейін, етті ұсақтап турап, 3 сағат бойы пісіргеннен кейін (етті бөлгенде қолғаптарды пайдалану) қажет.