Түркістан облысында паразиттік аурулар саны төмендеген

Түркістан облысында паразиттік аурулар саны төмендеген

              Жыл басынан бері өңірде  ішек паразиті ауруын жұқтырудың 160 жағдайы тіркелді. Бұл өткен 2021 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда  19 жағдайға азайғанын көрсетіп отыр. 2021 жылы қаңтар, ақпан айларында  179  ішек паразиті есепке алынған болатын. Анықталған 160  жағдайдың ішінде 14 жасқа дейінгі балалар  33,7%, ересектер   66,3% құрады.  

              Паразитті ішек ауруларының ішінде аскаридоз, эхинококкоз көш бастап тұр. Кең таралған  паразитті ішек аурулары көбіне  жеміс-жидек, көкөністерді жумай тұтынудан пайда болады. Сондықтан облыс эпидемиологтары санитариялық-гигиеналық талаптарды сақтауды бала кезден  үйрету қажеттігін айтып дабыл қағып отыр. Мектепке дейінгі балалардың ішекқұртты жұқтыру ықтималдылығы өте жоғары. Олардың гигиеналық машықтары толық дамымағандықтан,  нәресте мен сәбилердің инвазияға қарсы қорғаныштары әлсіз.

             Аталған ауру балалар тұрмақ ересектердің өзіне ауыр соғатыны жасырын емес. Ішектің дұрыс жұмыс істеу тәртібі бұзылып, дәрумендерді сіңіруге шамасы келмей қалады. Іш өту, жүрек айну, дене қызуы көтеріліп, тез шаршау,  тәбеті төмендеп, бас ауруы пайда болады. Ең бастысы балалардың ақыл-ойы мен физикалық тұрғыда дамуына кедергісін келтіреді.

                   Аурудың алдын алу үшін!

Ішекқұрттарды жұқтырудың алдын алып, азайту үшін қарапайым ғана тазалық ережелерін сақтау керек:

- дәретханаға барып келгеннен кейін, жануарлармен немесе жер, топырақ-құмдармен байланыстан кейін қолды сабындап жуу ;

- әрдайым ойыншықтарды сабынды сумен жуу және еденді жуу құралдарымен өңдеп отыру ;

- балаларға тек қана жуылған жеміс-жидек беру маңызды. Кептірілген банан, құрма, өріктерді де жуылмаған күйінде беруге болмайды.

              Балаларға жемістерді ағынды сумен 5-10 минут мұқият жуып беру, төсек жабдықтарын үнемі тазалап үтіктеу, жеке ыдыстар  қолдану сияқты т.б қағидаларды үйреткен абзал.