Жалған ақпаратқа жол жоқ: Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті қызметкерлері фейкпен күресуде

Жалған ақпаратқа жол жоқ: Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті қызметкерлері фейкпен күресуде

              "Коронавирусты алғаш рет қытайлықтар жарқанаттан жұқтырды",  “Тікұшақтардың көмегімен ауаға инфекция себілуде", "Сарымсақ коронавирусты емдеудің тиімді жолы", "Мектепте оқушыларды химиялық заттармен улауда".  Міне, пандемия кезінде дүйім жұртты дүрліктірген дәл осындай шындыққа жанаса бермейтін ақпараттар ағыны қаптап кетті. Түрлі мессенджерлерде, бірқатар БАҚ-та кеңінен жарияланды. Бастапқыда беймәлім болған аурудан қорқып қалған көпшілік бұл фейктерге сенді, үрейленді.

             Халықты алаңдатқан осындай ақпараттар тараған бойда Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті және оның аумақтық департаменттері дер кезінде кері байланыс жасап, алуан ақпараттың ақ-қарасын ажырататын растау не жоққа шығару деректерін жариялау жұмыстарын тәулік бойы іске асырды.

             Фейкпен күрес күн сайын жүрді. Ақпарат айдынындағы "мылтықсыз майданда” жеңу үшін сан-эпид бақылау саласының қызметкерлері тиімді тәсілдер мен ұтымды жеткізудің жаңа құралдарын үйреніп, бұл бағыттағы білім мен біліктілікті тұрақты жетілдіруді жүйелі жолға қойған.

              Екі күн бойы Елордаға Қазақстанның әр өңірінен келген санитариялық-эпидемиологиялық бақылау қызметі баспасөз қызметтерінің өкілдері "Қазақстанда иммундау туралы дезинформацияға қарсы іс-қимыл" тақырыбында кезекті тренингтен өтті. Аталмыш шараны "мифтерді жою бағытындағы", дәлірек айтқанда, елдегі #1 жалған жаңалықтармен күресушілер жүргізді, олар - "Factcheck.kz" басылымның бас редакторы Думан Смақов және оның әріптесі Жансерік Тілеухан. Сондай-ақ тренигке "UNICEF" халықаралық ұйымының қызметкерлері қатысты.

           Жаңа білім, пікірталастар мен талқылаулардың арқасында екі күн өте тартысты өтті. Жаттықтырушылар қандай да бір фотосуреттің өзгертілгендігін, бейнеге монтаж жасалғанын және түпнұсқадан айырмашылығын, халықаралық ресурстар мен дереккөздердің сенімділігін немесе күмәндылығын анықтауға мүмкіндік беретін түрлі бағдарламаларды таныстырды. Жұмыс жасау тетіктерін үйретті. Дәрістерден басқа, СЭБК қызметкерлері топтарға бөлініп, іс жүзінде "фейктерді жаңғақша шағуды” үйренді, сенімсіз ақпараттарды жоққа шығарудың қыр-сырын меңгерді, сонымен қатар жалған мәліметтерді анықтаудағы мемлекеттік органдардың ресми ресурстарында жарияланған ақпараттың маңыздылығына кезекті рет көз жеткізді.

            Фейк - тек күмән немесе қалжың емес. Бұл  қоғамдық пікірдің “қайығын шайқайтын”, мыңдаған және миллиондаған адамдардың наразылығын арттыра алатын күшке ие және хаосқа жол ашады. Сондықтан да кез келген ақпараттың ақ-қарасын ажырата білу аса маңызды. Еліміздің заңнамасында жалған ақпарат таратқаны үшін бас бостандығынан айыруға дейін қылмыстық жаза қарастырылған.

           Кезкті рет біліктілігін арттырған санитариялық-эпидемиологиялық бақылау саласының қызметкерлері жаңа "мифтерді" жойып, халықты дұрыс ақпараттармен қамтамасыз ету үшін өз өңірлеріне жаңа біліммен жолға шықты.