
Халық тұтынатын өнімдердің қауіпсіздігі – қазіргі таңда дүниежүзілік экономикалық саясаттың күнделікті талқысына айналып отырған мәселелердің бірі.
Күнделікті өмірде өзіміз тұтынып жүрген азық-түлік, басқа да тауарлардың түріне, жалпы сипатына көпшілігіміздің мән бермейтініміз анық. Нәтижесінде, әртүрлі келеңсіз жағдайлар орын алып жатады.
Осы орайда, Шымкент қаласы Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті аудандық басқармалармен бірлесе отырып, халықты қауіпсіз және сапалы тағаммен қамтамасыз ету мақсатында, өнімдердің қауіпсіздігіне ай сайын мониторингілеу жұмыстарын жүргізеді.
Өнімдердің қауіпсіздігін мониторингілеу шеңберінде 2021 жылы барлығы 2 396 өнім үлгісі іріктеліп, зертханалық зерттеуге тапсырылды (отандық өнім өндірушілердің өнімдері – 383, Еуразиялық экономикалық Одаққа мүше мемлекеттердің өнімдері – 1 429, басқа мемлекеттердің өнімдері – 548).
Зерттелген өнім үлгілерінің ішінде техникалық регламенттер талаптарына сай келмейтін 68 өнім анықталды (отандық өндірушілердің өнімдері-20, ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер-26, басқа ел өнімдері- 22 сынама). Олар: ет, құс еті, балық, май, сүт, кондитерлік, ұн, жеміс-жидек, көкөніс өнімдері, алкогольсіз сусындар, тағы басқа өнімдер және балалар ойыншықтары.
Техникалық регламенттер талаптарына сәйкес келмейтін 68 сынама үлгілерінің 54-і (79,4%) таңбалау, 14-і (20,5 %) микробиологиялық, 2- і (2,9 %) қауіпсіздік көрсеткіштер бойынша анықталған.
Өнімі талапқа сай келмейтін сауда орындарына кемшіліктерді жою бойынша ұйғарымдар беріліп, ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 425 бабының 1 тармағына сәйкес айыппұлдар салынды. Талапқа сәй келмеген өнімдер сатылымнан алынып, жеткізушіге кері қайтарылды.
Сонымен қатар, техникалық регламенттер талаптарына сай келмейтін өнімдер бойынша ҚР аумағында халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы нормативтік құқықтық актілердің, гигиеналық нормативтер мен техникалық регламенттердің талаптарына сәйкес келмейтін өнімді шығаруға және айналымына жол бермеу бойынша қажетті шараларды қабылдауды ұсыну туралы өзге өңірлерге хабарламалар жолданды.
Құрметті тұтынушылар!
Сіз тұтынатын өнім денсаулығыңызға зиян келтірмеуі үшін дүкеннен кез-келген өнімді сатып аларда, оның сыртқы қорабына, дайындалған күні мен жарамдылық мерзіміне, сақталу жағдайына және құрамына аса назар аударып, оның қауіпсіздігіне көз жеткізгеніңіз дұрыс!