Вакцинация - індетке қарсы ең тиімді жол!

Вакцинация - індетке қарсы ең тиімді жол!

              Коронавирустық инфекцияға қарсы күрестің ең тиімді және қауіпсіз жолы - ВАКЦИНАЦИЯ!

              Ұлыбритания, Дания, Германия, Израиль сияқты дамыған елдер халықты 80% вакцинациялаумен қамту және ұжымдық иммунитетті қалыптастырумен бүгінгі күні карантиндік режимді шектеулердің барлығын алып тастады.

              Бұл елдерде адамдарды 5 жастан бастап вакцинациялаған.

              Әрине, ұжымдық иммунитетті ауырғандардың есебінен қалыптастыруға болады. Бірақ, бұл жағдайда адамдар арасындағы өлім-жітім жоғары болады және коронавирустың мутациялануына көбірек мүмкіндік беріледі.

               Қазақстан Республикасында пандемия мәселесінің дұрыс шешімі ретінде вакцинация және ревакцинация - тегін, ерікті, егілетін адамның жазбаша ақпараттық келісімімен, баланың ата-анасының немесе заңды қамқоршысының рұқсатымен енгізіледі.

              Шымкент қаласында вакцинациялау және ревакцинациялау үшін Қазақстанда қолдануға рұқсат етілген вакциналар («Гам-КОВИД-Вак (Спутник V)», «Хаят вакс», КазВак, КоронаВак, «Vero Cell», «Комирнати» (Phizer, АҚШ), Спутник-Лайт) қолданылады.

             Коронавирусты инфекцияға қарсы иммундау, ең алдымен, өз отбасымыздың, балаларымыз бен ата-аналарымыздың, туған-туысқандарымыздың және айналамыздағылардың денсаулығы үшін өте маңызды. Вакцинация және ревакцинация денсаулыққа қарсы көрсетілімдер болмаған кезде жүргізіледі. Дені сау адамдарға вакцинация мен ревакцинацияны мүмкіндігінше тезірек алу қажет.

             Вакцинациядан кейін егілген адам егу пунктінде 30 минут және 3 тәулік бойы қоңырау шалу арқылы медицина қызметкерлерінің бақылауында болады. Бұдан әрі ағзада иммунитетті қалыптастыру үшін егілген адам дұрыс тамақтану, күндік және ұйқы режимін сақтау керек.

             Қазіргі уақытта қаланың 1 090 109 тұрғынының 69,3% коронавирустық инфекцияға қарсы егілді. Ұжымдық иммунитетті 80% қамту арқылы пандемияны вирустың бір адамнан екінші адамға таралу тізбегін бұзу жолымен тоқтатуға болады.

             Тәуекел тобына жататын 596 205 қала тұрғындары арасында 1-компонентпен 597 167 (100,2%), 2-компонентпен 583 613 (97,9%) адам егілді. Өткен жылдың тамыз айында тәуекел тобындағы адамдардың 60,0% екпе алды, осы жылдың ақпан айында 6 ай өткен соң ағзада антиденелердің тұрақтылығы үшін ревакцинация алу қажет.  Қазіргі уақытта барлығы 112 309 адам қайта вакцинацияланды, бұл небәрі 18,8% құрайды. 60 жастан асқан адамдарға және медициналық қызметкерлерге Пфайзер вакцинасымен ревакцинация жүргізуге болады. Пфайзер вакцинасымен 12-ден 18 жасқа дейінгі балалар, 16-37 апта мерзіміндегі жүкті әйелдер және бала емізетін әйелдер босанғаннан кейін 42 күн өткен соң вакцинацияланады. Осы вакцинамен 2 904 (6,7%) жүкті әйелдер (жүктіліктің 16-37 аптасы) және 6 172 (14,7%) босанғаннан кейін 42 күн өткен бала емізетін әйелдер бірінші компонентпен егілді. Екінші компонентпен 1 672 (3,9%) жүкті әйелдер және 3 226 (7,7% ) бала емізетін әйелдер егілді.

             Өз кезегінде, қала бойынша 18 жасқа дейінгі 115 453 жасөспірімдерді егу 1-компонентпен  32,5%, 2-компонентпен 14,6% құрады. Жасөспірімдерді Пфайзер компаниясының вакцинасымен егу 2021 жылдың 15 қарашасынан басталғанына қарамастан, ата-аналар балаларын вакцинациялауға асықпайды. Вакцинациялау арқылы балаларымызды аурудан қорғай аламыз. Айта кету керек, АҚШ, ҚХР, Ресейде балаларды 5 жастан егу жүргізілуде.

             Өзіңізді және айналаңыздағы адамдарды аурудан қорғау үшін екпе алуды ұсынамыз.