Инфекциялық және паразиттік аурулардың профилактикасы бойынша туристерге арналған жаднама

Инфекциялық және паразиттік аурулардың профилактикасы бойынша туристерге арналған жаднама

Туристік маусымның басталуына байланысты Қоғамдық денсаулық сақтау комитеті (бұдан әрі - ҚДСК) қазақстандықтар үшін ең танымал елдердегі ағымдағы уақытта болып жатқан эпидемиологиялық жағдай туралы хабардар етеді және инфекциялық аурулардың алдын алудың негізгі шараларын ұсынады.

Көптеген жағдайларда инфекциялық және паразиттік аурулар ластанған су және тамақ, сондай-ақ қан сорғыш жәндіктер арқылы, науқас адаммен қарым-қатынаста болғанда немесе жыныстық жолмен беріледі.

Ресей Федерациясында 60 мыңға жуық ресейлік энцефалитті кененің шағып алуына байланысты медициналық мекемеге жүгінген. Роспотребнадзор Эпидемиологиясы ФМҒМ ОҒЗИ-дің мәліметіне сәйкес мәскеуліктер үшін едәуір қауіпті аймақтардің бірі Тверь, Кострома және Ярослав облыстары болып табылады.

Ресейде энцефалитті кененің шағуына ұшырау ықтималдылығы жоғары 50-ге жуық аудандар мен облыстар (Бурятия Республикасы, Иркутск облысы, Пермь өлкесі, Свердловск, Томск, Новосибирск және Тюмень облыстары) атап өтілді. Медицина қызметкерлері кененің шағуына байланысты энцефалитті жұқтыру ықтималдылығы төмен басқа да аудандарда физикалық қорғаныш – тері жабынын жабатын киімнен бас тартпауға кеңес береді.

Украинада барлық өңірлері арасында қызылшамен сырқаттанушылықтың анағұрлым өсуі Ивано-Франковск және Одесса облыстарында атап өтіледі.

Еуропа өңірінде қызылшаның өршуі жалғасуда. Эпидемиялық процесс Австрия, Чехия, Италия, Португалия, Венгрия, Исландия, Словакия, Испания, Швеция елдерінде бар. Едәуір күрделі жағдай Румынияда байқалады, онда 6 мыңнан астам жағдай тіркелген, оның 26-сы өлім жағдайымен аяқталған. Өршу жағдайымен елдің 42 ауданының 39-ы қамтылған. Германияда Эссенде қызылшаның асқынуына байланысты үш баланың анасы қайтыс болған. Барлығы елде қызылшамен ауырудың 410 жағдайы, 2016 жылдың осы кезеңінде 325 жағдай тіркелген. Италияда қазіргі кезде 2016 жылдың барлық кезеңіне қарағанда қызылшамен ауырудың көп жағдайы тіркелген. 2017 жылдың басынан бастап барлығы қызылшамен 2395 адам ауырған. Қызылшаның таралу себебі халықтың осы инфекцияның алдын алудың тиімді құралы болып табылатын иммундаумен жеткілікті түрде қамтылмауы болып табылады.

Соңғы айларда Дубайдан қайтып келген еуропалық саяхатшылар арасында Легионерлер ауруының көбеюі байқалады. 2016 жылғы 1 қазаннан бастап 60 жағдайы тіркелген.

Венесуэлада Денсаулық сақтау министрлігі екі онжылдықтан астам уақыт бұрын жойылған аурудан кейін 2016 жылы дифтерияның 324 жағдайы тіркелгендігі туралы хабарлады. Осы жылдың басынан бастап дифтерияның 86 қосыша жағдайы туралы хабарланды, оның екеуі өлім жағдайымен аяқталды.

Үндістанда қауіпті инфекциялық аурулар бойынша эпидемиологиялық жағдайдың нашарлауы жалғасуда. Үндістанның денсаулық сақтау органдарының деректері бойынша ағымдағы жылдың басынан бастап Махараштра штатында шошқа тұмауынан 200-ден астам адам қайтыс болған, 7,5 мыңнан астам адам ауруханаға жатқызылған. 2017 жылдың басынан бастап Үндістанда тырысқақтың 150 жағдайы тіркелген, оның ішінде 3-еуі өліммен аяқталған, Йеменде өлім жағдайының саны 700 адамнан асып түсті.

АҚШ-та жылына бірнеше миллионға дейін тұрғыны ауыратын норовирусты аурудың өсуі атап өтіледі, оның 570-800 жағдайы өлім жағдайымен аяқталады.

Солтүстік Каролинада 2014 жылдан бастап 2016 жыл аралығындағы кезеңде В гепатиттің саны 56%-ға дейін, С гепатиттің саны 69%- ға дейін ұлғайған. Сонымен бірге Солтүстік Каролинаның шамамен 110-150 мың тұрғынында С гепатиттің созылмалы түрі және 25-66 мың адамда В гепатиттің созылмалы түрі бар.

Колорадода халықтың ересек адамдары арасында А гепатиті жағдайының өсуі байқалады. Шамамен ауырған адамдардың жартысы ауруханаға жатқызылды, өлім жағдайы тіркелген жоқ.

Бірқатар штаттарда шошқамойын бойынша қолайсыз жағдай атап өтіледі, барлығы 3 мыңнан астам жағдай тіркелген.

Испанияда аурухананың 252 қызметкері арасында норовирусты инфекцияның өршігені атап өтіледі, ол аурухана кафетериясында тамақ ішумен байланысты болған.

Францияда Нормандия мектептерінде ірімшік жаппай тамақтан уланудың өршу себебі болып отыр, Руане қаласында 300 бала ауырған.

Түркияда сапасыз күрке тауық етін тұтынуға байланысты сальмонеллездің жергілікті өршуі байқалды, одан бір солдат қайтыс болды және 1046 адам ауруханаға жатқызылды.

Тайланд, Сингапур, Вьетнам, Бразилия, Доминиканада Зика вирусын жұқтыру қаупі сақталады.

Инфекциялық және паразиттік аурулардың алдын алу мақсатында мынаны:

  • ішу үшін тек бөтелкедегі немесе қайнатылған суды пайдалануды. Шикі судан дайындалған мұзды пайдаланбауды.
  • белгілі және танымал қоғамдық тамақтандыру орындарына ғана баруды;
  • жемістерді, көкөністерді қайнатылған немесе бөтелкедегі сумен жууды;
  • етті, балықты, теңіз өнімдерін термиялық өңдеуден кейін тұтынуды;
  • тамақ ішу алдында қолды сабынмен мұқият жууды, қолға арналған антисептиктерді (санитайзерлерді) пайдалануды;
  • бассейндерде немесе арнайы су айдындарында ғана шомылуды;
  • тұратын жерлерінің (бөлмесі, отелдің нөмірі және т.б.) масалар үшін қолжетімді болмауын (москит торлары, инсектицидті құралдар, репелленттер);
  • кененің шағып алуы мүмкін болатын табиғатта серуендеген уақытта жеңі ұзын ақшыл түсті киім, шалбар, ұзын көйлек киюді. Дененің ашық бөліктеріне репеленттер себуді;
  • сапар уақытында немесе одан оралған кезде денсаулық жағдайының нашарлауы байқалса міндетті түрде дәрігерге баруды  ұсынады.

ҚДСК ақпаратты сапарға шығуды жоспарлау кезінде пайдаланыңыз.