Жамбыл облысында Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы вирусын жұқтыруды зерделеу бойынша зерттеу жүргізілуде

Жамбыл облысында Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы вирусын жұқтыруды зерделеу бойынша зерттеу жүргізілуде

Ауруларды бақылау және алдын алу бойынша орталықтың Орта Азиядағы өңірлік кеңсесі ҚР ДСМ ҚДСК Ұлттық сараптама орталығының мамандарымен бірге адамдардың, жануарлардың, кенелердің Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы вирусын жұқтыруды зерделеу бойынша бірлескен ғылыми зерттеу, сондай-ақ тәуекел факторлары және Жамбыл облысындағы профилактика шаралары туралы тұрғындардың ақпараттандырылуын бағалау жүргізуде.  

Еліміздің оңтүстік өңірлерінде өзінің табиғи-климаттық ерекшеліктеріне, ішкі және сыртқы көші-қон көрсеткіштерінің жоғары болуымен халықтың тығыздығына, қарқынды дамып келе жатқан ауыл шаруашылығына және сыртқы тауар айналымына байланысты Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы сияқты трансмиссивті вирусты инфекциялардың таралуы үшін жағдайдың қолайлы екендігі көпшілікке мәлім.

Осылайша жүргізілген зерттеу қазір дер кезінде және Қазақстанда пәрменді профилактиканы жүргізуді, табиғи ошақтардың белсенділігін болжауды және оларды одан әрі жетілдіруді қамтамасыз ететін профилактикалық іс-шараларды күшейту үшін қажет. Осы зерттеудің тәсілі антропозоонозды аурулардың профилактикасы мен оларды бақылауға қатысты анағұрлым прогрессивті болып табылады.

Мұндай зерттеулер Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың 2016 - 2019 жылдарға арналған "Денсаулық" мемлекеттік бағдарламасын іске асыру шеңберінде, қоғамдық денсаулық сақтау мәселелері бойынша сектораралық және ведомствоаралық өзара іс-қимылдың тиімділігін арттыру бөлігінде жүргізіледі.

Зерттеуге Жамбыл облысының 30 эндемиялық және эндемиялық емес елді мекендері тартылған, бұл ретте кездейсоқтық қағидаты (рандомизация) бойынша үш сатылы кластерлік іріктеу әдісі сақталуда.  

Зерттелетін елді мекендерде 95% ықтималдықпен репрезентативті нәтижелер алу үшін әр елді мекеннен 35 үй шаруашылығы айқындалатын болады, онда кездейсоқ іріктеу арқылы қан алу үшін 1 ересек адам (барлығы 1050 адам), бір  ірі қара мал (барлығы ІҚМ 480 бас) және бір ұсақ қара мал (барлығы ҰҚМ 570 бас) таңдап алынады. Сонымен қатар зерттелетін үй шаруашылықтарынан кене жиналады, тұрғындарға осы вирусты жұқтыру тәуекелі факторлары мен аурудың профилактика шараларын білуіне сауалнама жүргізіледі.

Сондай-ақ зерттеу шеңберінде Ауруларды бақылау және алдын алу бойынша орталықтың (CDC/Atlanta) сарапшылары осы зерттеуге белсенді қатысқан қоғамдық денсаулық сақтау органы, ветеринариялық қызмет, денсаулық сақтау ұйымдары, өңірлік ғылыми сараптама орталықтары мамандарына тренинг өткізді.

Жануарлар, адамдар және кенелер арасында Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы вирусына антиденелердің таралуы бойынша жеке  деректердің болуы вирустың айналымы жоғары аумақтарды және вирустың берілуіне ықпал ететін сыртқы орта факторының әсерін барынша нақтырақ анықтауға көмектесетінін айта кету керек. Бұл вирусты эпидемиологиялық қадағалау жүйесін күшейтуге мүмкіндік береді, қауіпті аумақты анықтау және вирустың жануардан адамға берілуін болдырмау бойынша ұсынымдар әзірлеуге жәрдемдеседі.