
Ағымдағы жылғы 9 тамыздағы жағдай бойынша Қазақстан Республикасының медициналық ұйымдарына Түркиядан келген туристтердің Коксаки вирусына ұқсас ауру белгілері бар жағдайлар тіркелмегенін хабарлайды.
Республиканың аумағына инфекцияның әкелінуі мен таралуының алдын алу мақсатында Мемлекеттік шекара арқылы өткізу пункттерінде шетелден келетін адамдарға тұрақты негізде мониторинг жүргізілуде, онда да сырқаттанған адамдар анықталған жоқ.
Сонымен қатар, ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау комитеті Түркиядан келгеннен кейін адам өзін нашар сезінген жағдайда тез арада тұрғылықты жері бойынша медициналық ұйымға жүгінуін сұрайды, бұл ретте Түркияда болған мерзім, демалыс орны, Қазақстанға оралған күні, байланыста болған адамдар, Түркияда болған кезде медициналық көмекке жүгінуі, сондай-ақ туроператорлардың атауы туралы мәліметтерді көрсету керек.
Коксаки вирусы ішек вирустарының тобына кіретін инфекциялық ауру болып табылады. Инфекцияның көзі науқас адам немесе симптомсыз ауру жұқтырған вирус тасымалдаушысы болып табылады. Инкубациялық кезеңі 2-ден бастап 35 күн аралығында, орташа алғанда 1 аптаға дейінгі аралықта.
Энтеровирустық инфекциялардың берілу тетігі – нәжіс-ауыз (негізгі) және ауа-тамшы жолы арқылы. Берілу факторлары су, суару кезінде залалсыздандырылмаған сарқынды суды қолдану нәтижесінде энтеровирустармен ластанған көкөністер болып табылады. Сондай-ақ вирус лас қол, ойыншықтар және басқа да сыртқы орта объектілері арқылы жұғуы мүмкін.
Шомылған кезде, сондай-ақ ауыз сумен жабдықтау көздері ретінде пайдаланған кезде сарқынды сумен ластанған ашық су қоймаларының суы, сонымен бірге халықтың суға түсуіне арналған рекреациялық аймақтар ретінде пайдаланылатын су эпидемиологиялық қауіп төндіреді.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының желісі бойынша Түркияда эпидемиологиялық жағдайдың асқынғаны туралы ақпарат түскен жоқ.