
Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінің базасында ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің төрағасы – Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Жандарбек Бекшиннің қатысуымен баспасөз конференциясы өтті, онда ол ішкі нарыққа әкелінетін және айналымдағы санитариялық-эпидемиологиялық қадағалауға жататын өнімдерді бақылау бойынша жүргізіліп жатқан жұмыс туралы, сонымен бірге тамақ өнімдерінің көтерме және бөлшек саудасы объектілеріне қойылатын санитариялық қағидалар талаптарын қайта қарау бойынша жүргізілген жұмыс туралы әңгімеледі.
Өз сөзінде еліміздің бас санитариялық дәрігері, егер республика бойынша отандық өндірушілер өнімдерінің 12%-ы техникалық регламенттер талаптарына сай келмесе, ал сәйкес келмейтін тамақ өнімдерінің ең үлкен пайызы 88%-ы импорттық өнімдер үлесіне тиесілі екенін атап өтті. Техникалық регламенттер талаптарының негізгі бұзушылықтары қауіпсіздік талаптарына сәйкес келмеу - 36%, физикалық-химиялық көрсеткіштерге сәйкес келмеу - 12%, өндірушілердің таңбалау қағидаларын бұзуы - 48% болып табылады.
«Ағымдағы жылы өнімдерді сатып алуға шамамен 60 млн.теңге бөлінді. 9 айдың ішінде тамақ өнімдерінің 26 мыңнан астам сынамасы алынды, оның ішінде техникалық регламенттер талаптарына сәйкессіздік 7,2%-ды құрады», - деді Бекшин.
Сондай-ақ тамақ өнімдерінің тауар топтарының атаулары бойынша келесі тамақ өнімдерінде сәйкессіздік анықталды: аспаздық өнімдер - 25%, нан және нан-тоқаш өнімдері – 23,7%, балық өнімдері – 21,5%, құс еті - 20,5%, ет өнімдері -27 %, жемістер мен көкөністер -7,8 %, сүт өнімдері – 5,9%, кондитерлік өнімдер -6,2%, шырын өнімдері -2,1%, ұн тарту және жарма өнімдері – 3,1%, бөтелкеге құйылған ауыз су – 1,2%, май өнімдері – 2,1%, алкоголь өнімдері -1,1%, алкогольсіз сусындар - 1,4%.
Бұдан басқа мамандандырылған тамақ өнімдерінің 895 сынамасы зерттелді, оның ішінде 21 сынамада микробиологиялық және физикалық-химиялық көрсеткіштер бойынша сәйкессіздік анықталды, оның ішінде балалар тамағы өнімдері – 2,1%, ББҚ-лар - 8,3%, спортшылардың, жүкті және емізетін әйелдерге арналған тамақ -1,1%, диеталық профилактикалық тамақ - 5,9%.
Сонымен бірге, жануарлар тіндерін сәйкестендіруді анықтау бойынша тамақ өнімдерінің 145 үлгісі алынды. 40 үлгіде өнімнің таңбалауында көрсетілмеген шошқа ДНҚ-сы анықталды. Ет өнімі топтары бойынша шұжық бұйымдарының 67,5% сынамасында, жартылай фабрикаттардың 20,0% сынамасында және ет консервілерінің 7,5% сынамасында сәйкессіздік анықталды. Аталған фактілер өндірушілердің өнімді өндіру технологиясын бұзатынын, соның ішінде сиырдан және шошқадан алынатын бұйымдарға жабдықтардың бір желісін пайдаланатынын, жабдықтарға жеткілікті түрде өңдеу жүргізбейтінін, шикізаттың қарама-қарсы ағынына жол беретінін, өндірістік бақылауға тиісті дәрежеде назар аудармайтынын көрсетеді. Осыған байланысты өндірушілер мен сатушылардың мекенжайына технологиялық процес бұзушылықтарын жою, сәйкес келмейтін өнімдерді саудадан алу бойынша кәсіпорындарда кезек күттірмейтін шараларды қабылдау үшін хабарламалар жіберілді. Жалпы алғанда сауда желісі айналымынан 308,8 тонна жалған ет өнімдері алынып тасталды.
Сонымен қатар тамақ өнімдерінің 1292 үлгісі құрамында ГТО-ның болуына зерттелді. Зерттеулер нәтижелері бойынша Раундап Реди желісінің генетикалық түрлендірілген соя өнімі жоғары тамақ өнімдері анықталды, атап айтқанда АҚШ-та өндірілген тамақ өнімдерінің 4 атауында анықталды. Нормадан арту 11,4-тен 42,9%-ға дейін болды, ал өнімдерде ГТО-ның болуының рұқсат етілетін нормасы 0,9 %-дан аспайды. «Алиментариус Кодексінің халықаралық тағам стандарттарына сәйкес құрамында 0,9%-дан астам ГТО бар тамақ өнімі міндетті түрде таңбалануы тиіс. Бұл ретте, анықталған өнімдердің таңбалауында құрамында ГТО-ның бар екендігі туралы мәліметтер жоқ», - деді Бекшин. Сонымен қатар, ол бүгінгі күні еліміздің санэпидқызметінде тамақ өнімдерінің сапасын анықтау, жалған өнімдерді табу үшін барлық қажетті инфрақұрылым мен жабдық бар деп атап өтті.
Сәйкес келмейтін тамақ өнімдерінің басым сегменті Ресей Федерациясы өндірушілерінің үлесіне келеді - 52 %, бұл сүт өнімдері, балық және ет консервілері, шұжық және кондитерлік өнімдер, БАҚ және балалар тағамы өндірушілері.
Сонымен қатар Қырғыз Республикасының сәйкес келмейтін өнімдерінің 4%-дан (2016 ж.) 9,6%-ға дейін (2017 ж.) өсуі байқалады. Қырғызстандық өндірушілердің сүт өнімдері мен кондитерлік бұйымдарының бірқатарының техникалық регламенттер талаптарын жүйелі түрде бұзу фактілері байқалуда. Мысалы, 2016 жылы Комитет микробиологиялық көрсеткіштер бойынша «Ак-сут» ААҚ шаруа майы сүт өнімін, май-қышқыл құрамы бойынша «Вимм Биль Дамм» ААҚ сүтін, жалғандығы бойынша «Куликовский» КД кондитерлік өнімдерін әкелуге уақытша шектеу енгізді. Тек қазан айында ғана қырғызстандық өндірушілердің сәйкес келмейтін тамақ өнімдерінің пайызы 23,4 %-ды, ал жеңіл өнеркәсіп тауарлары 44%-ды құрады, бұл әрбір 2-3-ші сынама» - деп атап өтті Жандарбек Бекшин.
Бекшиннің айтуынша, ағымдағы жылы анықталған фактілер бойынша өнімдерді сатып алу қорытындысы бойынша бұзушылықты жою туралы 801 нұсқама берілді, әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы 826 іс қозғалды, соттың 415 қаулысы шығарылды, оның ішінде 360 талап арыз қанағаттандырылды, жалпы сомасы 19,5 млн.теңгеден астам айыппұл салынды. Сонымен қатар сауда кәсіпорындарында 11,2 млн. теңгеден астам сомаға сәйкес келмейтін өнімнің 172 тоннасы саудадан алынды.
Брифинг барысында спикер сондай-ақ тамақ өнімдерінің көтерме және бөлшек саудасы объектілеріне қойылатын санитариялық қағидаларды қайта қарау туралы жұмыс туралы әңгімеледі.
2017 жылғы 9 қазанда жаңартылған «Тамақ өнімдерінің көтерме және бөлшек саудасы объектілеріне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» санитариялық қағидалары күшіне енді. Енгізілетін түзетулер жалпы әкімшілік тосқауылдарды және артық талаптарды алып тастауға қатысты болды. Мәселен, санэпидқорытындының болуына қойылатын талаптар алынып тасталды, себебі барлық сауда объектілері қызметі хабарлама тәртібі бойынша жүзеге асырылатын эпидмаңыздылығы болмашы топқа ауыстырылды.
Сонымен қатар шамадан тыс нақтылауды немесе керісінше өндіріс пен қызмет көрсету әдістері мен процестерін тарылтуды қамтитын тармақтар қайта қаралды. Сондай-ақ мемлекеттік көрсетілетін қызметтер регламенттері мен стандарттарында көзделмеген артық талаптарды, сондай-ақ басқа нормативтік құқықтық актілерде қайталанатын талаптар алып тасталды. Осылайша, барлығы талаптардың 34%-ы алып тасталды.
Қабылданып жатқан шаралардың бизнес, әсіресе ШОБ субъектілері үшін жағдайларды жақсартуға ықпал ететінін, сондай-ақ тамақ өнімдерін өткізу үшін олардың сапасы мен қауіпсіздігі үшін қажетті жағдайларды жасауға бағытталғанын ескеру керек.