
ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау комитеті тексеру қорытындысы бойынша америкалық өндірушілердің бірқатар өнімдерінде генетикалық түрлендірілген соя мен жүгері генінің сандық мөлшерінің (1,1-ден 38,7%-ға) артқанын анықтады. Барлық тамақ өнімдері АҚШ-та өндіріліп, әкелінген. Бұл ретте тұтыну қаптамасында көрсетілген өнімдердің құрамындағы гендік-түрлендірілген ингредиенттер туралы ақпарат жоқ.
Осылайша, «Pancake&Waffle» MIX Shop Rite» өндірушісінің құймаққа, вафлиге арналған қоспаларын, «Bread Crumbs ITALIAN STYLE» with Shop Rite» және «Bread Crumbs PLAIN Shop Rite» өндірушісінің ірімшік қосылған кепкен нан ұнтағын анықтау және айналымнан алу бойынша шаралар қабылдануда.
Сондай-ақ, «Kellog Company» өндірушісінің «Kelloyy's Fan Pak» құрғақ таңғы асы және «IRVINE» өндірушісінің «Maruchan Ramen Noodle Soup Oriental flavor», «Maruchan Ramen Noodle Soup Shrimp flavor» «Maruchan Ramen Chicken Tortilla flavor» сияқты тез дайындалатын кеспенің үш түрі айналымнан алынады.
Аталған өнімдер өнім қауіпсіздігіне мониторинг жүргізу барысында Астана қаласындағы «Рамстор» және «Galmart» супермаркеттерінен бақылау сатып алуы кезінде анықталған.
Сонымен қатар Комитеттің барлық аумақтық органдарына көрсетілген өнімдерді анықтау үшін шаралар қабылдау және оларды айналымнан алып тастау бойынша жұмыстар жүргізілуде.
«Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» ҚР заңының 6-бабына сәйкес ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау комитеті адамның өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін тамақ өнімдерінің анықталғаны туралы тұтынушыларды ақпараттандыруға міңдетті.
Анықтама үшін: Тамақ өнімдеріндегі ГТО-ның рұқсат етілген нормасы 0,9%-дан аспайды. Белгіленген талаптарға, оның ішінде Алиментариус Кодексінің халықаралық тағамдық стандарттарына сәйкес құрамындағы ГТО 0,9%-дан асатын тамақ өнімі міндетті таңбалануға жатады.