
Ағымдағы эпидемиялық маусымда тұмау және ЖРВИ бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақты болып сипатталады. Сырқаттанушылықтың маусымдық көтерілуі байқалады, аурудың болжалды шекті деңгейінің республика бойынша да, өңірлер бөлігінде де жоғарылауы анықталған жоқ. Бұл туралы брифинг барысында Орталық коммуникациялар қызметінде Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Жандарбек Бекшин хабарлады.
Бас сандәрігердің айтуы бойынша елде сырқаттанушылықты, тұмау вирусының айналымын мониторингтеу және вирустың жаңа штамдарын анықтау түрінде тұмау мен тұмау тәрізді ауруларды (ЖРВИ) эпидемиологиялық қадағалаудың тиімді жүйесі қамтамасыз етілген.
«Эпидемиялық маусымның басынан бастап, яғни 2017 жылғы 1 қазаннан бастап ЖРВИ-дің 203 812 жағдайы тіркелді, сырқаттанушылықты алдыңғы аптамен салыстырғанда ЖРВИ-дің 8,2 %-ға маусымдық көтерілуі байқалады. Өткен эпидемиялық маусымның осындай кезеңімен салыстырғанда (2016-2017 ж.) сырқаттанушылықтың 14,4%-ға төмендеуі байқалады.» - деп атап өтті Бекшин.
Республиканың аумағында А/H3N2 және B тұмау вирустары анықталды, В тұмау вирусы айналымының басымдығы байқалады (58,5%), А/H3N2 тұмау вирусы 41,5% жағдайда анықталды. Тұмау вирусымен қатар басқа да тұмау тәрізді емес вирустар айналымда бар: парагрипп (13,8%), РС-вирус (18,5%), метапневмовирус (0,3%), риновирус (36,8%), боковирус (6,5%), аденовирус (20%), коронавирус (4%). Тұмау тәрізді емес вирустар ішінде риновирус, аденовирус, РС-вирус және парагриптің айналымы басым.
ЖРВИ сырқаттанушылық құрылымында ауырған адамдардың негізгі үлесі 14 жасқа дейінгі балаларға келеді – 129844 жағдай (67,5%). 1 жасқа дейінгі балалар арасында - 20730 жағдай (10,8 %), жүкті әйелдер арасында – 6107 жағдай (3,1 %), оның ішінде 22682 адам ЖРВИ диагнозымен ауруханаға жатқызылды, оның ішінде жүкті әйелдер – 3055, 1 жасқа дейінгі балалар – 6202.
Сонымен қатар тұмаудың 30 жағдайы тіркелді (Астана қаласында - 19, Алматы қаласы – 8, Батыс Қазақстан облысы – 2, Оңтүстік-Қазақстан облысы - 1), оның ішінде жүкті әйелдер арасында - 4, 14 жасқа дейінгі балалар арасында – 9. Оның ішінде тұмау диагнозымен ауруханаға– 21 адам жатқызылды, соның ішінде 1 жасқа дейінгі 3 бала және 4 жүкті әйел.
«Бүгінгі күні Қазақстанда 2 млн. сстам адам вакцинацияланды. Олардың ішінде жергілікті бюджет қаражаты есебінен – 1 638 830 адам, жұмыс берушілер есебінен – 319 044, ақылы негізде – 155 526 адам. Сонымен қатар вакцинацияланған адамдардың жалпы саны ішінде 14 жасқа дейінгі 614 391 бала егілді, екінші және үшінші триместрдегі 95 819 жүкті әйел тұмауға қарсы вакцинацияланды. Бүгінгі күні вакцинадан кейінгі асқынулар тіркелген жоқ.», - деді Бекшин.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұстанымына сәйкес тұмауға қарсы барынша тиімді құрал вакцинация болып табылатындығын атап өткен жөн, вакцина осы эпидемиологиялық маусымда барынша өзекті болатын тұмау вирусының түрлерінен қорғауды қамтамасыз етеді және оның құрамына кіреді.
Естеріңізге сала кетейік, ағымдағы эпидмаусымда (2017/2018 жыл) бюджет қаражатына 1 млрд 455 млн. теңгеден астам сомаға 1 683 887 доза Ресей Федерациясында өндірілген «Гриппол плюс» вакцинасы сатып алынды. Бұл вакцинаның құрамында A(H3N2) және А(H1N1) маусымдық тұмауға және В типті тұмау вирусына қарсы штаммдар антигендері бар. Сондай-ақ жұмыс берушілердің қаражаты және халықтың жеке қаражаты есебінен вакцинациялау жүргізілді.
Сондай-ақ, Қазақстанға Петровакс және Медсервис плюс компаниясы тегін негізде тұмауға қарсы «Гриппол плюс» вакцинасының 199 910 дозасын жеткізді, оған оқушыларды вакцинациялау жоспарланып отыр, себебі мектеп жасындағы балалар сырқаттанушылық құрылымында 30%-дан астамын құрайды.
Шұғыл эпидемияға қарсы шараларды қабылдау мақсатында 1 желтоқсаннан бастап ҚР халқының жіті респираторлық вирустық инфекциялармен және тұмаумен сырқаттанушылық жағдайына, Қазақстандағы және шетелдегі тұмау вирусының айналымына күнделікті мониторинг жүргізіледі. Барлық медициналық ұйымдарда вирусқа қарсы препараттардың қажетті қоры құрылған, ЖРВИ және тұмау белгілері бар науқастарды қабылдау және бірінші кезекте қызмет көрсету үшін жағдайлар жасалған.
Сондай-ақ республиканың аумағына инфекциялық аурулардың әкелінуі мен таралуының алдын алу мақсатында Мемлекеттік шекара арқылы өткізу пункттерінде қашықтық термометриясын қолдана отырып келетін адамдарға мониторинг жүргізіледі.
Вакцинациялаудан басқа тұмаудан қорғанудың тағы бір ерекше емес алдын алу тәсілі бар, ол ерекше емес алдын алу организмнің өзінің қорғаныш күштерін нығайтуға бағытталған және вакцинациялаумен қатар жүргізілуі мүмкін. Ерекше емес қорғаныш ретінде иммунды түзетуші препараттар (анаферон, интерферон, виферон, интерферон индукторы), вирусқа қарсы жақпамайлар (оксалин, антивир және басқалары), поливитаминдер қолданылады.
Сондай-ақ ЖРВИ-мен ауыратын адамдармен қарым-қатынасты болдырмау керек, науқастармен қарым-қатынаста болғанда бетперде кию, қолды сабынмен немесе бактерияға қарсы құралдармен жуу (құрамында спирт бар ерітінділер), жөтелгенде және түшкіргенде мұрын мен ауызды бір рет қолданылатын орамалмен немесе сүлгімен жабу, лас қолмен көзді, мұрын мен ауызды ұстамау, адамдар көп жиналатын жерлерге бармау (ойын-сауық және спорт іс-шаралары, жиналыстар, кездесулер және басқалары), үй-жайды жүйелі түрде желдету, салауатты өмір салтын ұстану (толыққанды ұйқы, таза ауа, белсенді демалыс, витаминдерге бай теңдестірілген тамақ) керек. Организмді шынықтыру керек: тамақты салқын сумен шаю, контрастылы себезгі қабылдау және бассейн.
Жоғарыда көрсетілген ерекше емес алдын алу шаралары организмге кез келген инфекциялармен күресуге көмектеседі. Тұмау асқынуларымен қауіпті, сондықтан респираторлық аурулардың бірінші белгілері пайда болған кезде өздігінен емделмеу керек, тез арада дәрігерге жүгіну қажет.