Өнімнің (тауардың) қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша 2017 ж. бойынша жұмыстың қорытындысы туралы

Өнімнің (тауардың) қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша 2017 ж. бойынша жұмыстың қорытындысы туралы

Қоғамдық денсаулық сақтау қызметінің ең маңызды бағыттырының бірі - сатылатын өнімдер (тауарлар) қауіпсіздігіне техникалық регламенттердегі қойылған талаптарынының сақталуын бақылау және қадағалауды жүзеге асыру болып табылады.

Өнімдер қауіпсіздігі мониторингісі мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық бақылаудың өзге түрі ретінде санитарлық-эпидемиологиялық сараптама жүргізу үшін өнімдерді сатып алу жолымен жүргізіліп жатыр.

Атқарылған жұмыстардың нәтижелері бойынша техникалық регламенттер талаптарына сәйкес келмейтін өнімдердің саны төмендеді, осылайша 2015 жылмен салыстырсақ пайыздық төмендеу 25,2% - дан 2017 жылда 8,2% - ға дейін төмендеп отыр.

Есептік жылда облыс бойынша 200 – ден астам сауда объектілерінен өнімдер сатып алынды. 2210 сынама сатып алынып, зерттелді: тағам өнімдері, балалар және басқада халық қолданатын тауарлар (тұрмыстық химия тауарлары, парфюмерлік-косметикалық өнімдер).

Бақылаумен тауарлық позициялардың барлық топтары қамтылған, оның ішінде сүт өнімдері, ет, май және балық өнімдері, құс еті, кондитерлік өнімдер, ұн-жарма, макарон өнімдері, балаларға арналған тағам, арнайы тағам өнімдері, ББҚ, шырын өнімдері, алкогольсыз және алкогольды сусындар, жеміс-жидек және көкөніс, ауыз суы.

Зерттелген 2210 сынамалардан техникалық регламенттерге сәйкессіздік 183 сынамада анықталды. Анықталған сәйкес емес өнімдердің негізгі үлесі (70,4%) техникалық регламенттер талаптарының таңбалау ережелері бөліміне келіп тұр, микробиологиялық көрсеткіш бойынша сәйкес келмеген 1,2% сынамада, физико-химиялық көрсеткіштер бойынша - 0,5% сынамада, құрамында нитраттың болуы 0,7% сынамада анықталды. 

Барлық алынған 1634 тағам өнімдер сынамасының техникалық регламенттер талаптарына сәйкес келмейтін пайыздық мөлшері – 8,2%-ды құрады (2016 жылы - 13,2%), оның ішінде микробиологиялық көрсеткіштер бойынша анықталғаны 19,5% (ішек таяқшасы тобындағы бактериялар, мезофильді аэробты және факултативті анаэробты микроорганизмдер, өңез және ашытқы микроорганизмдері, Salmonella энтеридитис бактериялары); физико-химиялық көрсеткіштер бойынша 8,2% (майдың массалық үлесі); таңбалау бойынша 60,1% (шығарылған мерзімі, сақтау мерзімі, өндірушінің атауы мен мекен-жайы көрсетілмеген, тағам өнімінің атауы мемлекеттік тілде көрсетілмеген) және құрамында нитрат болуы бойынша 12,0%.

Көбіне тағам өнімдерінің сәйкес емес сынамалары отандық өндірушілері - 50,4%,  Ресей Федерациясы және Беларусь Республикасы - 41,4%, басқа елдер өндірушілері үлесіне (Корея, Түркия) – 8,2% өнім техникалық регламенттер талаптарына сәйкес келмейді.

Мысалға: Отандық өндірушілердің ішінде сәйкес келмейтін сүт өнімдері «Агрофирма Тау» ЖШС (Ақтөбе қаласы), «Лидер-2010» ЖШС (Қостанай облысы, Рудный қаласы), «МЗ «Столичный» ЖШС (Ақмола облысы, Астана қаласы), «Даулет-Бекет» ЖШС (Алматы облысы), ет өнімдері «Анвар» ЖШС (Ақтөбе қаласы), құс еті өнімдері «Көктас Ақтөбе» АҚ (Ақтөбе қаласы), «ПСХ» ЖШС (СҚО), аспаздық өнімдер «Бриг» ЖШС (Ақтөбе қаласы). Ресей Федерациясы өндірушілерінің ішінде ет өнімдері «Мясокомбинат «Желен» ЖШҚ (Орск қаласы), балық өнімдері «Гринадини» ЖШҚ, Москва облысы, Краснодар қаласы («Дары моря» пастерленбеген түйіршікті қара және қызыл уылдырық аналогы) және т.с.с.   

Халық тұтынатын өнімдердің (тауарлардың) ішінде бақылаумен балалар ойыншықтары және балалар мен жасөспірімдерге арналған өнімдер, парфюмерлік-косметикалық өнімдер, жеңіл өнеркәсіп тауарлары, жеке бас гигиенасы бұйымдары, тұрмыстық-химия, тағам өнімдерімен байланысатын материалдар және темекі бұйымдары қамтылған. Жоғарыда көрсетілген сәйкес келмейтін тауарлардың пайыздық мөлшері – 8,7%-ды құрады.

Өткен жылмен салыстырғанда әкелінген қауіпсіз емес және сапасыз балалар ойыншықтарының саны 24,2%-ға төмендегенін ескере кеткен жөн. Сонымен бірге, ағымдағы жылда техникалық регламенттер талаптарына 34,6% (2016 жылы – 58,8%) ойыншық сәйкес келмегені анықталды, оның ішінде органолептикалық көрсеткіштерге (иіс) 1,2%  сәйкес келмеді («Porororo» ойыншықтар топтамасы - өндірушісі Қытай), қалған 33,4% таңбалау бойынша.

Облыс нарығына балалар ойыншықтарының басым бөлігі Қытайдан (80%), Ресей Федерациясынан, Өзбекстаннан (20%) әкелінетіндігін ескеру қажет. Нарыққа сапасыз балалар ойыншықтарының  түсу себебі облысқа кішкене партиямен, қол жүгі ретінде  бақылаусыз әкелу болып табылады.  

2017 жылы барлық анықталған бұзушылықтар бойынша жеке кәсіпкер субъектілеріне Қазақстан Республикасының халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы заңнамасының талаптарын бұзуды жою туралы 53 ұйғарым берілді, ұйғарымның барлық шаралары орындалды. Соммасы 600 мың теңгеден астам құрайтын 3 айыппұл салу қаулысы шығарылды.