
2018 жылдың 20 ақпаны күні БҚО Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатына БҚО қоғамдық денсаулық сақтау Департаментінің басшысы Ж.Б.Құрманов қатысып, облыс бойынша өткен жылғы өнімдердің қауіпсіздігіне жүргізілген мониторинг қорытындыларын жария етті.
Тұрғындардың санитариялық - эпидемиологиялық саламаттылығын қамтамасыз ету мақсатында, қоғамдық денсаулық сақтау Департаменті ерекше тәртіп бойынша тексеріс және өнімдердің қауіпсіздігіне мониторинг жүргізу барысында өнімдердің сапасына бақылау жүргізеді.
2017 жылы 223 сауда және 17 қоғамдық тамақтану нысандарында тағам үлгілері мен тағамдық емес өнім үлгілері (тауарлар) тексеруге алынған (2016 жылы – 383 сауда нысаны, қоғамдық тамақтану нысаны - 0). Санитариялық – эпидемиологиялық сараптама жүргізу мақсатында жалпы құны 3,5 млн. теңге құрайтын 2402 өнім үлгісі (2016 жылы – 2430 үлгі) сатып алынып, зерттелген. Нақты айтқанда:
-1879 үлгі (78,2 %) тағамдық өнімдерден; -523 үлгі (21,8 %) тағамдық емес өнімдерден, оларға: балаларға арналған ойыншықтар, иіссу-косметикалық құралдар, тұрмыстық химия тауарлары, баспа өнімдері, жеңіл өнеркәсіп және жеке бас гигиенасы өнімдері, тағамдық өнімдермен байланысқа түсетін маетриалдар (қораптар, орамалар) жатады.
Сатып алынған 1879 тағамдық өнім үлгілері ішінде: ет-сүт, балық, май, құс еті, кондитерлік, кулинарлық, астық, нан-бөлке өнімдері, жеміс-жидектер шырын-тосап өнімдері, алкогольді және алкогольсіз ішімдіктер, таза ауыз су, балалар тағамдары, биологиялық белсенді қоспалар, мамандандырылған тағам өнімдері болды.
Санитариялық – эпидемиологиялық сараптама жүргізу нәтижесінде, іріктеліп алынған 2402 өнім үлгісінің арасынан 268 үлгінің Кеден Одағының техникалық регламенттеріне сәйкес келмейтіндігі анықталды. Жалпы жүргізіліп жатырған жұмыстардың нәтижесінде техникалық регламенттер талаптарына сәйкес келмеушіліктер саны жылдан жылға кемуде. Егер 2015 жылы сәйкес келмеушіліктер тексерілген өнімдердің 67,3%-ынан табылса, 2017 жылы ол тек 11,1%-ынан табылған.
Іріктеп алынған 1879 тағам үлгілерінің 77-сінен (4%) сәйкессіздіктер анықталды (2016 жылы - 321 үлгі -18,6%). Сондай-ақ, жергілікті өндірушілер өндірген 11 өнім түрінен микробиологиялық көрсеткіштер бойынша сәйкессіздіктер табылды:
-кондитерлік өнімдер (барлығы 4 үлгі: торттар мен пирожное), «Говорухина В.Н.» ЖК кондитерлік цехы өндірген, «Эльдар» және «Биатрис» дүкендерінен алынған, Орал қаласы;
- ет өнімдері, құс еті (барлығы 3 үлгі: «Манас» котлеттері, сиыр етінен тефтели), өндіруші «Утепкалиева А.К.» ЖК, «Дауешова» ЖК-нің «Продукты» дүкенінен алынған, Орал қаласы;
-кулинариялық өнімдер (барлығы 2 үлгі: сиыр және тауық етінен сэндвич), өндірген «Шарипова А.» ЖК, «Шарипова А.» ЖК-нің «Донериум парк» кафесінен алынған, Орал қаласы;
-ет және ет өнімдері (барлығы 2 үлгі: сиыр еті, сиыр етінен фарш), өндірген «Идеал Маркет» ЖШС, «Идеал Маркет» ЖШС-нің «Лидер» дүкенінен («Азиза» СҮ ішіндегі) алынған, Орал қаласы;
-құс еті (барлығы 2 үлгі: бройлер-балапандардың етінен жартылай фабрикат және фарш), өндірген «Аметист» ЖШҚ, Самара қаласы, РФ. «Звягинцев В.А.» ЖК-нің қатырылған жартылай фабрикаттарды сақтау қоймасынан алынған, Орал қаласы.
Сәйкес келмейтін өнімдердің негізгі үлесін (83%) таңбалауға қойылатын талаптардың бұзушылығы құрайды. Нақты айтқанда, өнімдердің таңбасында орыс және мемлекеттік тілде ақпарат, тағам өнімінің атауы, құрамы, мөлшері, дайындалу уақыты, сақтау мерзімі, тағамдық құндылығының көрсеткіші, өндірушінің атауы мен мекенжайы, Кеден одағына мүше мемлекеттер нарығында өнім айналымының бірыңғай белгісі көрсетілмеген.
Тағамдық емес өнімдердің 523 үлгілері алынды, оның 36%-да сәйкессіздік анықталды (елдің атауы, дайындалу мерзімі, өндірушінің мекенжайы, Кеден Одағына мүше мемлекеттер нарығында өнім айналымының бірыңғай белгісі, орыс және мемлекеттік тілде ақпараттың болмауы және т.т.).
2016 жылмен салыстырғанда балаларға қауіпті ойыншықтарының саны азайды (2017 жылы - 34 сәйкессіздік, 2016 жылы - 74). Оның ішінде токсикологиялық және органолептикалық көрсеткіштері бойынша (ойыншықтың жиектері үшкір, ойыншықтың қорғау-сәндік жамылғысы ылғалды тазалауға төзімсіз, үлгі иісінің артуы) сәйкессіздікпен сатуда тек бір ойыншық анықталған (2016 жылы - 25). Сәйкес емес ойыншықтардың 88%-ын Қытай және Ресей Федерациясы өндіріп отыр.
Анықталған сәйкесіздіктерді жою мақсатында 2017 жылы департаментпен 5 жоспардан тыс тексеріс ұйымдастырылды, бұзушылықтарды жою туралы 60 ұйғарым дайындалып, жалпы сомасы 181 520 теңге құрайтын 5 айыппұл салынды.