
Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің төрағасы – Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Ж.М. Бекшиннің қатысуымен баспасөз конференциясы өткізілді, онда ол өнімнің қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласында мемлекеттік саясатты іске асыру бойынша 2018 жылдың 2 айында жүргізілген жұмыстың қорытындылары туралы айтты.
Өз сөзінде еліміздің бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Қоғамдық денсаулық сақтау қызметінің маңызды міндеттерінің бірі тамақ өнімінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету болып табылатынын атап айтты, себебі тамақ өнімдері адамның денсаулығы мен өмір сүру ұзақтығын айқындайтын негізгі факторлардың бірі болып табылады.
Өнім қауіпсіздігін мониторингтеу тетігін жетілдіру және Комитеттің жүргізіп жатқан жұмысының нәтижесінде халықтың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін өнімнің әкелінуі және өткізілуі уақтылы тоқтатылды.
Сүт және ет өнімдері, тауық жұмыртқасы, құстың еті сияқты тамақ өнімдерінің әлеуметтік маңызды топтарын мониторингтеу күшейтілді. Зертханалық сараптау қорытындысы тамақ өнімінің осы түрлерінің елеулі бөлігінің бактериологиялық және санитариялық-химиялық көрсеткіштер, таңбалау бойынша талаптарға сәйкес келмейтінін, сонымен бірге фальсификацияланған өнім екенін көрсетті.
«Анықталған өнімде сальмонеллез, стафилококк қоздырғыштары бар, құс етінде ылғалдың артуы, жарамдылық мерзімі өткен және қайта таңбаланған жұмыртқаларды сату, құрамында сүтке жатпайтын майлар бар табиғи өнім сияқты сүт өнімдері анықталды», - деп атап өтті Жандарбек Бекшин.
«Брянский бройлер», «Чебаркульская птица», «Нагайбакский птицеводческий комплекс» сияқты мұздатылған құс етінің патогенді микрофлорамен (сальмонелла) және ішек таяқшасымен бактериялық ластануы анықталды, олар белгілі бір жағдайларда тағамдық токсикоинфекцияны тудыруы мүмкін. Мұздатылған өнімнің барынша қауіпті екенін ескеру керек, себебі ерігеннен кейін микрофлора екі еселенген жылдамдықпен көбейе бастайды.
Сонымен қатар сауда желісінде импорттық инжекторлық құс етінің бар екені анықталды, бұл жерде тауық етінде фосфаттар түріндегі тағамдық қоспалардың тұздығы анықталды. ЕАЭО және Қазақстан Республикасы заңнамасының нормаларына сәйкес құстың етіне құрамында фосфаттар түріндегі тағамдық қоспалар бар тұздықты қосып өндіруге тыйым салынады, себебі тұтас ет немесе бөліктер түріндегі құстың еті өңделмеген өнім болып табылады.
«Бұл ерітінділер ағып кетпейді. Егер жай суды қоссақ, онда ол мұзға айналады және бұлшық етті жыртып жібереді, ал тұзды ерітінді бүкіл етке тарайды», - деп түсіндірді Жандарбек Бекшин.
Сондай-ақ «ФинИнвест», «Приосколье», «Птицефабрика Краснодонская», «Куриное царство Брянск», «Пенза Мал Инвест», «Инжавинская птицефабрика», «Витебская бройлерная птицефабрика», «Птицефабрика "Дружба», «Серволюкс Агро», «Смолевичи Бройлер» сияқты кәсіпорындардың құс етінен дайындалған жартылай факрикаттары мен ет бөліктерінің таңбалау бойынша сәйкес келмеуі анықталды.
«Тұтынушы нарығында фальсификацияланған тамақ өнімдерін, оның ішінде сүт және май өнімдерін анықтау қазақстандықтардың денсаулығын сақтауға бағытталған негізгі міндеттердің бірі болып табылады. Тамақ өнімдерінде өндіруші заттаңбада көрсетпеген құрамдас компоненттер мен заттардың болуы адам денсаулығына теріс әсер етуі мүмкін және жүрек-қан тамыры мен эндокринді аурулардың, аллергиялық реакциялардың дамуына ықпал етуі мүмкін», - деді Жандарбек Бекшин.
2017 жылы сүт өнімін мониторингтеу айналымдағы тамақ өнімінің 23%-ында тұтынушыны алдау, жаңылыстыру, өнімнің таңбалауында мәлімделген көрсеткіштер бойынша сәйкес келмеу бойынша фактілерді көрсетті.
Фальсификацияланған өнімнің негізгі көлемі сүт және май өніміне келеді (ішетін сүт, қойылтылған сүт, сары май, жұмсақ ірімшіктер, балалар йогурттары және т.б.), бұл жерде өнімнің атауында көрсетілген табиғи сүт өнімі ретінде заттаңбасында мәлімделмеген құрамында сүтке жатпайтын май (өсімдік майы) бар өнімдер сатылып келген.
2018 жылдың 2 айы ішінде Комитет сүт өнімдерінің 79 үлгісін тексерді, 1227 зерттеу жүргізді. Олардың ішінде 18 сынама май-қышқыл құрамы бойынша сәйкес келмейді. Негізінен бұл «Лакталис интернейшионал» (Франция) фирмасының майлылығы 82% «Президент» сары майы, «Валио» (Финляндия) фирмасының лактозасыз ультрапастерленген сүті, «Омира Оберланд» (Германия) фирмасының лактозасыз «Минус Л» қаймағы алынбаған сүт, «Свалья» (Литва) сары майы, «Молторг» (Россия) ЖШҚ «Пестравка» қаймағы, «Бішкексүт» (Қырғызстан) ААҚ майлылығы 3,2% «Домик в деревне» ішетін сүті және басқалары.
«Жосықсыз өндірушілердің барынша нақты тізімі Комитеттің сайтына орналастырылады. Халықты жарамдылық мерзімі өткен, таңбалауы жоқ өнімді сату, дұрыс сақтау жағдайларының болмауы және басқа да фактілер туралы бізге хабарлау бойынша азаматтық белсенділігін білдіруге шақырамын, бұл тұтынушылар сауатының артқанын көрсетеді. Жедел әрекет ету үшін халыққа растайтын материалдармен бірге сауда объектісі орналасқан жердегі Комитеттің аумақтық органдарына жүгінуді сұраймыз», - деді өз сөзін түйіндей отырып, бас мемлекеттік санитариялық дәрігер