
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Қоғамдық денсаулық сақтау комитеті Қырғызстан Республикасының Жалал-Абад облысының Базар-Қорған ауданында күйдіргі ауруына күдікті 11 жағдай тіркелгенін хабарлайды. Ауруды жұқтыру малды сою және бөлшектеу кезінде орын алған.
Комитет, күйдіргі ауруы – бұл дененің сыртқы қабатын (карбункул) зақымдаумен, сондай-ақ инфекциялық процестің (сепсис) шоғырлануымен сипатталатын аса қауіпті инфекция екендігін еске салады. Уақтылы медициналық көмек көрсетілмеген жағдайда күйдіргі ауруы өліммен аяқталуы мүмкін.
Инфекцияның негізгі көзі және резервуары шөппен қоректенетін жануар болып табылады, осыған байланысты сауда желісінде шикі еттің сатылуына бақылау күшейтілді.
Күйдіргі ауруы:
- ауырған малдың термиялық өңдеуден өтпеген етін тамаққа пайдалану кезінде;
- мал шаруашылығы шикізатымен жұмыс кезінде – ауа-шаң арқылы;
- қоздырғыш организмге терінің зақымдалған қабаты арқылы енген кезде, ауру малды күту, оны сою, етін бөлшектеу, етті аспаздық өңдеу, жануардың шикізатымен жұмыс кезіндегі қарым-қатынас арқылы;
-малдың жүнінен, терісінен бұйымдар өндіру кезінде жұғуы мүмкін.
Аурудың инкубациялық кезеңі 2 тәуліктен 14 тәуліккке дейін созылады.
Аурудың белгілері:
- тері-бубон түрі кезінде - инфекция түскен жер алдымен қышып, іріңді дақ пайда болады, содан соң күлдірейді, 2-6 күннен соң қара қабыршықтанып ойық жараға айналады. Науқастың дене қызуы көтеріледі, басы ауырып, денесі құрысады;
- ішек түрі кезінде – іш қатты ауырып, құсады, дәретіне қан араласып іші өтеді;
- өкпе түрі кезінде – дене қызуы көтеріледі, қалтырайды, қақырық бөлінеді. 3-5 күннен кейін жіті өкпе жеткіліксіздігі дамиды, яғни жүрек соғуы жиілеп, шокқа және өлімге алып келетін ауыр демігу пайда болады.
Алдын алудың негізгі шаралары:
- дүкендерде және базарларда ет сатып алу кезінде ветеринариялық анықтаманы немесе сертификатты талап ету;
- жеткілікті термиялық өңдеуден өтпеген етті, сүтті (кәуап, жаңа сауған сүт) пайдаланбау, кездейсоқ адамдардан өнімді сатып алмау;
- қарапайым жеке бас гигиенасы қағидаларын сақтау;
- үй жануарларын күту кезінде жеке қорғаныш құралдарын пайдалану (жануардың барлық түрі ауырады);
- үй-жануарларына күйдіргі ауруына қарсы профилактикалық вакцинация жүргізу;
- малды алдын ала ветеринариялық тексеріп-қараудан кейін ғана сою.
Демалыс маусымының басталғанына, қазақстандықтардың Қырғызстанның шипажайларына демалысқа баруларына байланысты Қоғамдық денсаулық сақтау комитеті жоғарыда аталған сақтық шараларын ескеруді сұрайды.