
Парентеральды вирусты гепатиттер - зақымдалған тері жабындары мен сілемейлі қабықтар арқылы жұғатын вирусты адам ауруларының тобы. Парентеральды вирустық гепатиттер көбіне созылмалы гепатит, цирроз және бауырдың бастапқы обырына себепші болады. В және С вирустары тудыратын гепатиттер жиі кездеседі.
В гепатиті вирусы сыртқы ортада өте төзімді. Вирус антигені төсек-орын жабдықтарында, медициналық және стоматологиялық аспаптарда, қанмен ластанған инелерде (бөлме температурасында бірнеше ай бойы) анықталады. С гепатитінің вирусы сыртқы ортада төзімділігі аз, бірақ бұл ретте қанмен және басқа да биологиялық сұйықтықтармен ластанған заттар қауіп төндіреді.
Инфекция көзі аурудың жіті және созылмалы түрімен ауыратын науқастар мен таратушылар болып табылады. Қан беру механизмінде қан, шәует және сілекей нақты эпидемиологиялық қауіп төндіреді, өйткені басқа сұйықтықтарда вирус өте аз шоғырланады.
Вирус жыныстық қатынастар кезінде, ластанған тұрмыстық заттар (ұстаралар, тіс щеткасы, сүлгілер, жөке) арқылы берілуі мүмкін. Ауру таратушылары мен созылмалы түрлерімен ауыратын науқастар отбасы ішіндегі тығыз қарым-қатынас кезінде басты қауіп төндіреді.
Парентеральды гепатит татуировка, құлақ тесу, маникюр мен педикюр жасау, жарақаттау сипатындағы косметикалық емшаралар нәтижесінде жұғуы мүмкін. Егер көп рет қолданылатын құралдарды өңдеуде бұзушылықтар болса және осы рәсімдерді жүргізу кезінде санитариялық-профилактикалық және санитариялық-эпидемияға қарсы іс-шаралар сақталмаса, онда адам тері жабыны мен сілемейлі қабықтың тұтастығын бұза отырып жүргізілетін (инъекциялар, стоматологиялық және гинекологиялық емшаралар) емдеу-диагностикалық емшараларын жүргізу кезінде инфекция жұқтыруы мүмкін.
Ауру қан мен оның компоненттерін құю кезінде, ағзалар, тіндер, жасушаларды ауыстырып салу кезінде берілуі мүмкін. Қоздырғыштың анадан балаға тік берілуі де мүмкін.
Есірткі және психотроптық заттарды парентеральды енгізу кезінде В және С гепатиттерімен жұқтыру жағдайлары жиі кездеседі.
Профилактикалық іс-шаралар. Профилактикалық іс-шаралар кешенінде қан құю және емдеу-диагностикалық парентеральды манипуляцияларды жүргізу кезінде жұқтырудың алдын алуға бағытталған шаралар аса маңызды болып табылады. Барлық донорлар В және С гепатиті маркерлерінің болуына кешенді клиникалық-зертханалық тексеруден өтеді. Өткен мерзіміне қарамастан В және С вирустық гепатиттерімен ауырған, сондай-ақ соңғы 6 ай ішінде науқастармен қарым-қатынаста болған адамдар донорлықтан шеттетіледі. Тері жабындары мен сілемейлі қабықтардың зақымдалуымен байланысты манипуляциялар кезінде бір рет қолданылатын құралдарды пайдалану, медициналық құрал-саймандарды стерилизациялау, құрал-саймандарды, жабдықтарды, жиһаздарды, қауіпті қалдықтарды дезинфекциялау арқылы парентеральды гепатиттердің арнайы емес профилактикасына қол жеткізіледі. Осындай талаптар косметикалық емшараларды, маникюр, педикюр, татуировка жасау кезінде де сақталуы тиіс.
Санитариялық-гигиеналық шаралармен В және С гепатиті вирусының табиғи берілу жолдарын тоқтату қамтамасыз етіледі: барлық жеке гигиена заттарын даралау және оларды бөлек сақтау (ұстара аспаптары, тіс щеткасы, жөкелер, тарақтар және т.б.), жеке гигиена ережелерін сақтау, тұрмыста және өндірісте шағын жарақаттардың алдын алу.
Инфекцияның жыныстық жолмен берілуінің алдын алу кездейсоқ жыныстық байланысты болдырмау және механикалық контрацептивтік заттарды пайдалану қажеттілігін көздейді.
Медициналық ұйымдарда кәсіби жұқтырудың алдын алуға гемодиализ, хирургиялық, зертханалық және басқа да бөлімшелерде эпидемияға қарсы режим ережелерін сақтау арқылы қол жеткізіледі.
В гепатиті вирусының берілу жолдарының алуан түрлі және инфекция көздерінің көп екенін ескере отырып, алдын алудың ең тиімді әдісі - В вирустық гепатитіне қарсы вакцинациялау болып табылады.
С вирустық гепатитіне және парентеральды гепатиттердің басқа да түрлеріне қарсы вакцина әзірленбеген. Осы инфекциялардың алдын алу мақсатында алдын алу бойынша жалпы ұсынымдарды сақтау қажет.