
Республикадағы инфекциялық аурулардың көбі бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Республика халқы арасында 15 нозология бойынша сырқаттану жағдайлары тіркелген жоқ, 2017 жылғы осындай кезеңмен салыстырғанда 21 инфекциялық ауру бойынша сырқаттану, оның ішінде тері лейшманиозы 6,3 есе, гименолипедоз 48%-ға, лямблиоз 15%-ға, ЖРВИ 13%-ға, бруцеллез 12,7 %-ға, дизентерия 11%-ға, энтеробиоз 7%-ға, тыныс алу ағзалары туберкулезі 6%-ға төмендеген.
Республикада қазір менингококк инфекциясы бойынша сырқаттану тұрақтандырылған, менингококк инфекциясымен сырқаттанудың бірлі-жарым жағдайлары тіркелуде. Қазақстан Республикасында менингококк инфекциясымен сырқаттанудың көп жылдық орташа деңгейі 100 мың тұрғынға шаққанда 2,1-ді құрайды, қазір Қазақстанда сырқаттану деңгейі 100 мың тұрғынға шаққанда 0,5, бұл шекті деңгейден 4 есе төмен.
Ағымдағы жылы Еуропа өңірі елдерінде қызылшамен сырқаттану бойынша жағдайдың өршуі тіркелуде. 2018 жылғы 1 қарашада Еуропа елдерінде қызылшаның 70 мыңнан астам жағдайы тіркелді: Украинада 38 мың жағдайдан астам, Сербияда 5 мың жағдайға жуық, Францияда - 2771, Италияда - 2599, Ресейде - 2327, Грузияда - 1471, Қырғызстанда -448. Қызылшадан 68 өлім жағдайы тіркелді. Еуропада қызылшамен сырқаттанудың өсуін ДДҰ қызылшаға қарсы вакцинациямен қамтудың төмен болуымен байланыстырады.
Қазақстан Республикасында 2018 жылдың өткен кезеңінде қызылшаның 201 расталған жағдайы тіркелген, оның ішінде 14 жасқа дейін балалар арасында - 173 жағдай (85 %). Қазір қызылша 4 өңірде тіркелмейді – Ақтөбе, Атырау, Қызылорда, Павлодар облыстары.
Қазақстан Республикасында қызылшамен сырқаттанудың көп жылдық орташа деңгейі 100 мың тұрғынға шаққанда 0,3-ті құрайды, қазір Қазақстандағы сырқаттанушылық деңгейі 100 мың тұрғынға шаққанда 0,08, бұл шекті деңгейден 3,4 есе төмен.
Инфекция ошақтарында эпидемияға қарсы іс-шаралар жүргізілуде, қарым-қатынаста болғандарды медициналық бақылау жүргізілуде, эпидемиологиялық көрсетілімдер бойынша қызылшаға қарсы 913 адам егілді.
Қазақстанда балалар мен ошақтарда қарым-қатынаста болған адамдарды вакцинациялау үшін қызылша, қызамық және паротитке қарсы (ҚҚП) вакцинаның жеткілікті көлемі бар.
Жыл сайын 1 қазаннан бастап Қазақстанда барлық әлемдегі сияқты ЖРВИ мен тұмаумен сырқаттану маусымы басталады. Осыған байланысты қыркүйектен бастап біз республиканың барлық өңірлерінде дайындық іс-шараларын бастаймыз. Ағымдағы жылы тәуекел тобы адамдарын вакцинациялау үшін бюджет қаражатына тұмауға қарсы вакцинаның 1 млн 600 мыңнан астам дозасы сатып алынды. Қазір жалпы республикада 2 025 842 адам егілді. Республикада вакцинациялаумен қамту халықтың жалпы санының 11,1 %-ын қамтыды, ДДҰ ұсынымдары бойынша кемінде 10%. Вакцинадан кейінгі асқыну тіркелген жоқ.
Үйге шақыртуға қызмет көрсету үшін республиканың медициналық ұйымдарында 1226 телефон бөлінді, 1025 бірлік автокөлік бөлінді, тұмауға қарсы препараттар қоры жасалған. Дәріханаларда вирусқа қарсы препараттар мен бір рет қолданылатын бетперделердің жеткілікті қоры бар.
Ағымдағы эпидмаусым басынан бері (2018 жылғы 1 қазаннан бастап) 98 144 ЖРВИ жағдайы тіркелді, бұл өткен жылғы сырқаттану деңгейінен 9 % төмен. Бақылау деңгейінің артуы байқалмайды. 14 тұмау жағдайы тіркелді (Алматы қ. – 11, Астана қ. - 2, Қарағанды облысы – 1). Өткен жылдың осындай кезеңінде 15 тұмау жағдайы тіркелген.
Тұмаудың алдын алудың ең тиімді шарасы вакцинация, ол эпидемия алдындағы кезеңде (қазан-қараша) жүргізіледі.
Тұмауға қарсы вакцинациялаудан басқа тұмаудың, сонымен бірге басқа да тұмау тәрізді аурулардың (ЖРВИ) алдын алудың спецификалық емес шаралары бар. Олар:
- адамдар көп жиналатын жерлерде болу уақытын шектеу;
- жабық үй-жайларда және адамдар жиналатын жерлерде бір рет қолданылатын бетперде пайдалану;
- мүмкіндігінше ауру белгілері бар, мысалы жөтеліп немесе түшкіріп жүрген адамдармен қарым-қатынасты шектеу;
- қолды сабынмен жиі және мұқият жуу, әсіресе көшеден және қоғамдық көліктен кейін;
- мұрын қуысын тұзды сумен шаю, әсіресе көшеден және қоғамдық көліктен кейін;
- өзіңіз болатын үй-жайды жиі желдету;
- өзіңіз болатын үй-жайға жүйелі түрде ылғалды жинау жүргізу;
- өзіңіз болатын үй-жайдағы ауаны ылғалдандыру;
- тамаққа құрамында С витамині бар өнімдерді (мүкжидек, итмұрын, шырғанақ, қарақат, лимон және т.б.) мүмкіндігінше көп қолдану;
- дәрігердің ұсынымы бойынша иммунитетті көтеретін препараттар мен құралдарды пайдалану.
Салауатты өмір салтын ұстаныңыз, үйлесімді тамақтаныңыз және дене шынықтырумен жүйелі түрде айналысыңыз.