Алматы облысында тұмауға қарсы иммундау

Алматы облысында тұмауға қарсы иммундау

             Тұмау – жыл  сайын халықтың 30% - на  дейін әсер ететін ең көп таралған және ауыр вирустық аурулардың бірі. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бағалауы бойынша – ауру  ағымының 5 млн-ға дейін ауыр жағдайы және 290 000-нан 650 000-ға дейін өлім-жітім жағдайлары тіркеледі.

              Тұмау және оның асқынулары 5 жасқа дейінгі балаларға, қарт адамдарға, сондай-ақ созылмалы аурулары бар (жүрек, өкпе және бүйрек аурулары, метаболизмнің бұзылуы, неврологиялық дамудың бұзылуы, бауыр және қан аурулары) және иммунитеті әлсіз адамдарға үлкен қауіп төндіреді. Тұмау жүктілікті жоспарлаған әйелдер үшін де қауіпті. Жүкті әйелдің тұмауы ұрықтың ақауларының дамуына немесе түсіктің пайда болуына әкелуі мүмкін.

              Иммунитеті әлсіз және созылмалы аурулары бар адамдар үшін тұмауға қарсы вакцинацияны жыл сайын жүргізу ұсынылады. Алайда, вакциналардың құрамы жыл сайын өзгеріп отырады және толық қорғау үшін препараттарда жоспарланған жылға сәйкес келетін вирустың штамдары болуы керек. Өзекті штаммдар туралы деректерді ДДҰ сарапшылары вакциналар құрамын өзектендіретін өндірушілерге береді. 

              Бүгінгі күні Алматы облысы бойынша тұмауға қарсы иммундаумен 307 903 адам қамтылды, бұл барлық халықтың 14,4%-ын құрайды.  Оның ішінде, жергілікті бюджет есебінен 307 315 адам және жұмыс берушілер есебінен 588 адам егілді. Жалпы облыс бойынша 22 475 медицина қызметкері, 7 442 жүкті әйел, 106 808 созылмалы аурулары бар адамдар, жабық үлгідегі мекемелерде (балалар үйі, мектеп интернаттары, балалар мен мүгедектерге арналған интернаттар) 3 172 бала, 1 523 әлеуметтік мекемелерде тұратын адамдар және 52 217 оқушы иммундаудан өтті.

Тұмаудың алдын алу шаралары:

- Ауру адамдармен жақын қарым-қатынастан аулақ болыңыз;

- Қол гигиенасын сақтаңыз – бұл тұмаудың ғана емес, басқада жұқпалы аурулардың таралуын алдын-алудың маңызды шарасы;

- Қоғамдық орындарға барудан аулақ болыңыз;

- Адамдар көп жиналатын жерлерде бетперде кию әдетін дамытыңыз. Есіңізде болсын, бетпердені қайта пайдалану инфекцияның көзі болуы мүмкін;

- Есік тұтқалары, шүмектер және телефон дисплейлері сияқты адамдар жиі ұстайтын беттерді үнемі тазартып, зарарсыздандырып отырыңыз;

- Салауатты өмір салты қағидатын ұстаныңыз. Теңгерімді тамақтану және дене белсенділігі – салауатты өмір салтының негізгі компоненттері.