Таңбалауда көрсетілген өнім құрамының сәйкессіздігі бөлігінде тұтынушыны алдау фактілері анықталды

Таңбалауда көрсетілген өнім құрамының сәйкессіздігі бөлігінде тұтынушыны алдау фактілері анықталды

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Қоғамдық денсаулық сақтау комитеті Алматы қаласының аумағындағы сауда объектілерінде құрамында өнімнің таңбасында көрсетілмеген ингредиенттер бар отандық өндірушілердің өнімдері сатылып жатқанын хабарлайды, атап айтқанда:

- «Baron Food» ЖШС шығарған «Манты с луком» жартылай фабрикаты, шығарылған күні 21.12.18 ж., таңбалауда мәлімделмеген шошқа ДНҚ-сы табылды;

- «Шин-Лайн» ЖШС шығарған сиыр етінен жасалған тефтели жартылай фабрикаты, шығарылған күні 23.04.2018 ж., таңбалауда көрсетілмеген жылқы мен тауық ДНҚ-сы табылды;

- «Столичный» сиыр етінен жасалған туралған ет, өндірушісі көрсетілмеген, сиыр етінен басқа жылқы ДНҚ-сы табылды;

 - «Мариям» ЖК шығарған пісірілген-ысталған «Охотничьи колбаски» сосискалары, шығарылған күні 17.01.2019 ж., таңбалауында сиыр және тауық еті көрсетілген, сынамасында сиыр ДНҚ-сы табылған жоқ.

- «Троя» ЖК шығарған «Мусульманский» сервелатының құрамында сиыр еті көрсетілгенмен, сынамасында сиыр ДНҚ-сы табылған жоқ, тауық  ДНҚ-сы табылды, демек өнім құс етінен дайындалған.

Комитет аталған өндірушілердің өнімдеріне ерекше назар аударуды ұсынады. Бұл фактілер өндірушілердің өнімді өндіру технологиясын бұзатынын, өндірістік бақылауға тиісті назар аудармайтынын, таңбалауда қасақана жалған ақпаратты жазатынын көрсетеді, бұл тұтынушыны алдау болып табылады.

Аумақтық департаменттер сәйкес келмейтін өнімдерді алып қою бойынша іс-шаралар жүргізуде, сондай-ақ жосықсыз өндірушілерге қатысты шаралар қолдануда.

Дүкен сөрелерінде сәйкес келмейтін өнімдер анықталған жағдайда Комитетке  немесе оның аумақтық департаменттеріне жазбаша түрде өтініш қалдыруды ұсынамыз (әр өңірдің ҚДСД-ның байланыс деректері kooz.dsm.gov.kz/ru сайтының аумақтық департаменттер бөлігінде көрсетілген).