2018 жылы Қазақстанда туберкулезбен сырқаттанушылық деңгейі 2017 жылмен салыстырғанда 7,8%-ға төмендеді

2018 жылы Қазақстанда туберкулезбен сырқаттанушылық деңгейі 2017 жылмен салыстырғанда 7,8%-ға төмендеді

Халық арасында туберкулезбен сырқаттану Қазақстанның денсаулық сақтау саласы үшін өзекті мәселе болып табылады.

Жүргізіліп жатқан эпидемияға қарсы және профилактикалық іс-шаралар кешені 2018 жылы туберкулезбен жалпы сырқаттанушылықтың 7,8%-ға, өлім-жітімнің 16,7%-ға төмендеуін қамтамасыз етті.

Ағымдағы жылдың 23 ақпанынан бастап 24 наурызы аралығында 24 наурыз – Дүниежүзілік туберкулезге қарсы күрес күніне орай туберкулездің алдын алу бойынша айлық өткізілуде.

Туберкулез бойынша айлық кезеңінде халықтың хабардарлық  деңгейін арттыру мақсатында медициналық-санитариялық алғашқы көмек мекемелерінде және туберкулезге қарсы күрес ұйымдарда «Ашық есік күндерін» өткізу арқылы кең ауқымды ақпараттық-коммуникациялық және профилактикалық іс-шаралар өткізіледі.

МСАК, босандыру мекемелері, білім беру мекемелері, медициналық- әлеуметтік мекемелер медицина қызметкерлерінің, дін өкілдерінің қатысуымен қоғамдық денсаулық сақтау мамандары туберкулездің алдын алу және оны ерте анықтау жөніндегі өзекті мәселелерді талқылай отырып, туберкулездің алдын алу жөнінде баспасөз конференцияларын, дөңгелек үстелдер ұйымдастырып, өткізеді.

Жас аналар мектептерінде, дені сау бала кабинеттерінде, босандыру ұйымдарында жүкті және жас ата-аналар үшін түсіндіру сабақтары, вакцинациялау қажеттілігі және профилактикалық егуден бас тартудың салдарлары туралы дәрістер жүргізіледі.

Ақпараттық қамтамасыз ету мақсатында білім беру мекемелеріне мектеп оқушылары үшін туберкулездің алдын алу жөніндегі диктанттар мен мазмұндама мәтіндері жіберілетін болады, адамдар көп жиналатын орындарда (стадиондар, саябақтар, алаңдар және т. б.) акциялар, мәдени іс-шаралар (флеш-моб және т. б.), балаларға, жасөспірімдер мен жастарға арналған конкурстар, спорттық іс-шаралар ұйымдастырылады, халыққа қызмет көрсету орталығының ғимаратында халық арасында сауалнама жүргізіліп, аурудың алғашқы белгілері, тексеру әдістері мен туберкулездің алдын алу шаралары туралы парақшалар мен жадынамалар таратылады.

Айлық кезінде адамдар көп жиналатын жерлерде халықты профилактикалық тексеру үшін жылжымалы флюорографиялық қондырғылар жұмыс істейтін болады.

Туберкулездің алдын алу мәселелері бойынша теледидар арналарында, ірі сауда кәсіпорындарының, қалалық базарлардың радиоларында сөз сөйленеді, аудио-бейнероликтер, сыртқы жарнамаларда (баннерлер, жүгіртпе жолдар, плакаттар), меншік нысанына қарамастан медициналық ұйымдардың веб-сайттарында, әлеуметтік желілерде туберкулездің алдын алу бойынша материалдар орналастырылатын болады.