Шымкент қаласы бойынша COVID-19 эпидемиологиялық жағдай күрделенуде

Шымкент қаласы бойынша COVID-19 эпидемиологиялық жағдай күрделенуде

               Бүгінгі таңда Шымкент қаласында коронавирустық инфекцияның таралуы бойынша эпидемиологиялық жағдай күрделенді. Тәуекелдерді бағалау матрицасына сәйкес қала «қызыл» аймақта орналасқан. Аурушаңдықтың өсуі байқалып, күн сайын жағдайлар көптеп тіркелуде. 2021 жылдың салыстырмалы кезеңімен салыстырғанда аурушаңдық 10,8 есеге өсті.

                 01-19 қаңтар аралығында КВИ ауруының 3 961 жағдайы анықталды. Ал өткен тәулікте COVID-19 инфекциясының 420 жағдайы тіркелді.

                 Жас құрамы бойынша ауырғандардың жоғары үлес салмағы 50 және одан жоғары жастағы контингент арасында – 29,7 %, 18 жасқа дейінгі балалар арасында - 16,6% тіркелген.

                  Науқастардың 59,1% әйелдер, ал 40,8%  ерлер арасында тіркеліп отыр. Инфекцияның негізгі өсу себептері: карантин режимінің сақталмауы, қоғамдық орындарда бетпердесіз жүруі. Қала тұрғындарының күн сайын әртүрлі отбасылық іс-шаралар өткізіп, осылайша өздерін, отбасы мүшелерін және басқаларды қауіп-қатерге тігуде.

                   Коронавирустық инфекцияның алдын алудың ең тиімді әдісі -вакцинация және ревакцинация.

                   Бүгінгі күні қала бойынша 593 955 адам COVID-19 - ға қарсы екпе алды, оның ішінде ІІ-компонентпен 581 065 адам вакцинацияланды. Уақыт өте келе иммунитеттің әлсірейтінін ескере отырып, 6 айдан кейін ревакцинация жүргізіледі, барлығы 58 025 адам ревакцинациямен қамтылды.

                  Сондай – ақ, 2021 жылғы 15 қарашадан бастап 12-17 жас аралығындағы жасөспірімдерді, жүктіліктің 16-37 аптасы аралығындағы жүкті әйелдерді және лактация кезеңіндегі әйелдердің босанғаннан кейінгі кезең аяқталғаннан кейін (42 күннен кейін) «Комирнати» (Pfizer, АҚШ) вакцинасымен және медицина қызметкерлері мен 60 жастан асқан азаматтарды қайта вакцинациялау жүргізіледі.

                  2022 жылдың 19 қаңтарына «Комирнати» (Pfizer, АҚШ) вакцинасымен 40 871 адам егілді. Оның ішінде 2874 - і 1-компонентпен, 1205-і жүкті және бала емізетін әйелдер 2-компонентпен вакцинацияланды.

                  Осындай күрделі эпидемиологиялық кезеңде санитариялық дәрігерлер тұрғындарды COVID-19-дан қорғану ережелерін сақтауға шақырады. Қоғамдық көліктерде, ірі сауда орталықтарында және адамдар көп жиналатын басқа жерлерде қорғаныс маскаларын қолданыңыз, әлеуметтік қашықтықты сақтаңыз.