2019 жылғы 16 сәуірдегі қызылша бойынша эпидемиологиялық жағдай туралы

2019 жылғы 16 сәуірдегі қызылша бойынша эпидемиологиялық жағдай туралы

Қазақстан Республикасында 1 сәуірден бастап 9-10 айлық балаларды қызылшаға қарсы қосымша вакцинациялау басталды және медицина қызметкерлері мен ошақта байланыста болған адамдарды вакцинациялау жалғасуда.

1 сәуірден бастап қосымша 51131 адам егілді, оның ішінде 9-10 айлық балалар - 19536 (сәуір айында егілуге жататындардың 31,3%-ы) және медицина қызметкерлері - 31595 (егілуге жататындардың 55,5%-ы). Вакцинациялаудан кейінгі көріністер тіркелген жоқ.

Инфекция ошақтарында қызылшаға қарсы егілмеген балаларды анықтауға және вакцинациялауға бағытталған эпидемияға қарсы іс-шараларды жүргізу шеңберінде эпидемиологиялық көрсетілімдер бойынша 30 жасқа дейінгі егілмеген және қызылшаға қарсы егілгендігі туралы деректері жоқ 12047 адам егілді.

Қызылшамен сырқаттанушылық бойынша ахуал Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің бақылауында. Қызылша бойынша эпидемиологиялық жағдай туралы мәселелер Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі, Денсаулық сақтау вице-министрі, Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінде үнемі тыңдалады. Эпидемияға қарсы іс-шаралар Қазақстан Республикасында қызылшамен сырқаттанушылық бойынша эпидемиологиялық ахуалды тұрақтандыру жөніндегі іс-шаралар жоспарына сәйкес жүргізіледі.

Әдістемелік және практикалық көмек көрсету, жүргізілетін профилактикалық және эпидемияға қарсы іс-шараларды бақылау мақсатында профилактикалық және эпидемияға қарсы іс-шараларды күшейту жөнінде ұсынымдар бере отырып, өңірлерге сапарға шығу жүзеге асырылды.

Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің аумақтық департаменттері және денсаулық сақтау басқармалары қызылша бойынша эпидемияға қарсы іс-шараларды және науқастарға медициналық көмек көрсету сапасын қамтамасыз ету бойынша мәселені іске асыруда.

Қызылшаның клиникасы, диагностикасы және оны емдеу, сондай-ақ қызылшаның алдын алу мәселелері жөнінде медицина қызметкерлерін қайта даярлау жүргізілді.

2019 жылдың басынан бастап қызылшаның 5696 жағдайы тіркелді, оның ішінде 14 жасқа дейінгі балалар арасында - 3472  (60,9%).

Сырқаттанушылық көбіне егілмеген балалар арасында тіркелуде, олар  60,9%-ды (3472 жағдай) құрайды. Олардың ішінде егу жасына жетпеу себебі (1 жастан кіші) бойынша егілмегендер – 1798 (51,7%), медициналық қарсы көрсетілімдер бойынша - 1125 (32,4%), бас тартқандар - 548 (15,7%).

Қызылша - дене қызуының жоғарылауы, жөтел, мұрынның бітелуі, тамақтың ауыруы және бөртпе сияқты көріністермен сипатталатын табиғаты вирустық жіті инфекциялық ауру.

Қызылшаның симптомдары:

Негізгі белгілері: бастан бастап дененің төменгі бөлігіне және аяққа дейін түсіп таралатын, бүкіл денеге бөртпе шығу; ауыз қуысындағы ақ (ұнтақ жарманың жиналуы сияқты) және қызыл дақтар.

Қызылша пневмония (өкпенің қабынуы), бронхит, энцефалит (ми қабығының қабынуы) сияқты асқынуларымен қауіпті, олар медициналық көмекке кеш жүгінгенде және ауыр қосымша аурулар болған жағдайда өлімге әкелуі мүмкін.

Қызылшаны емдеудің тиімді және ерекше әдісі жоқ.

Қызылшадан жалғыз тиімді қорғану – вакцинация болып табылады. Қазақстанда қызылшаға қарсы егу екі рет жүргізіледі: біріншісі 1 жаста және екіншісі 6 жаста. Вакцинациялау үшін қызамық және паротитке қарсы компонентпен біріктірілген (ҚҚП) қызылшаға қарсы қауіпсіз және тиімді вакцина қолданылады. Елімізде ҚҚП-ның көлемі жеткілікті.

Халыққа арналған ұсынымдар:

- ата-аналарға өз баласының қызылшаға қарсы егу мәртебесін тексеру, вакцинация болмаған жағдайда - қызылшаға қарсы профилактикалық егуді алу;

- қызылшаға қарсы әртүрлі себептермен егілмеген балалардың ата-аналарына әртүрлі мәдени-көпшілік іс-шараларға қатысуды, сауда-ойын-сауық орталықтарындағы ойын алаңдарына баруды шектеу;

- катаралды көріністерімен (дене қызуының жоғарылауы, бас ауруы, әлсіздік) аурудың алғашқы симптомдары және бөртпе пайда болған кезде дәрігерге қаралу, қызылшаға тексеруден өту және оның барлық нұсқауларын орындау қажет.