Түркістан облысының 3 бірдей ауданында желтоқсан айында Covid-19 инфекциясына шалдығудың бірде-бір жағдайы тіркелмеді

Түркістан облысының 3 бірдей ауданында  желтоқсан айында  Covid-19 инфекциясына шалдығудың  бірде-бір жағдайы тіркелмеді

             Түркістан облысының Арыс, Шардара, Бәйдібек аудандарында желтоқсан айының  1-29 аралығында бірде-бір коронавирусқа шалдығу жағдайлары тіркелмеді. Облысқа қарасты өзге де аудандарда Covid-19 инфекциясымен ауырғандар санының төмендегені байқалады. Мәселен Қазығұрт, Түлкібас аудандарында  желтоқсан айында бір ғана жағдайдан анықталса, Отырар, Сарыағаш аудандарында ай ішінде бар болғаны 3 жағдайдан тіркелген. Облыс эпидемиологтары пандемия басталғалы эпид ахуалдың тұрақтануын халықтың жаппай вакцина салдыруымен байланыстырады. 

             Екпе алу бойынша Түркістан облысы республика көлемінде алғашқы үштікте. Қазіргі таңда  облыста 1 040 400 (99,5%) азамат коронавирусқа қарсы вакцинаның  І-ші компонентімен, 1 025 047 азамат  (98,%) ІІ-компонентпен қамтылған. 

             Дегенмен, Еуропа елдерінің бірқатарында  Covid-19 инфекциясының  «Омикрон» штаммы нұсқасы кең таралуына байланысты әлемдегі эпидемиологиялық жағдай  тұрақсыз болып тұр. Сондықтан эпидемиологтар облыс тұрғындарын карантин талаптарын сақтауда босаңсуға жол бермеуді сұрайды. Түркістан облысының СЭБД тарапынан эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру, тұрғындар арасында аурушаңдықтың алдын-алу бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстары  жүргізілуде.

            Сондай-ақ,  облыста жасөспірімдер мен емізулі, жүкті әйелдерді вакцинациялау шаралары жүргізілуде. «Комирнати» (Pfizer)   екпесінің І-компонентін 12-17 жас аралығындағы жасөспірімдер мен емізулі, жүкті әйелдерді қоса алғанда 63 222 адам салдырды. Ал, 32 430 азамат ревакцинацияланды.                  

           «Комирнати» екпесінің сақталуы  мен егу кабинеттерінің талапқа сәйкестігі ведомствоның толық бақылауында. Облыста коронавирусқа қарсы екпе жүргізуге арналған 237 екпе бөлмелері жұмыс жасайды. Өңірде  Pfizer вакцинасын -60,-90 градуста сақтайтын екі мұздатқыш бар. Облысқа  қарасты 17 ауданға вакцина дозалары осы мұздатқыштардан тасымалданады.