
Нұр-Сұлтан қаласында "Ashyq" жобасына 13 919 нысан қатысады, оның ішінде қатысушылар - 1935, ерікті қатысушылар – 11 984 олардың ішіне кәсіпкерлік субъектілері, мемлекеттік органдар, білім беру объектілері, денсаулық сақтау объектілері, өнеркәсіптік кәсіпорындар, коммуналдық кәсіпорындар және т. б. кіреді.
Күн сайын мониторингтік топтар карантин режимінің бұзылуын және бизнес объектілерінің шектеу шараларын сақтамау фактілерін тіркеуде. Бүгінгі күні жобаға қатысатын нысандардың 683-інде бұзушылық оқиғалары анықталды, яғни бетперде тағу режимінің бұзылуы, адамдардың жаппай жиналу фактісі, әлеуметтік қашықтықты сақтамау, жұмыс жасау режимінің бұзылуы жиі анықталады. Ashyq жобасы енгізілген сәттен бастап объектілерде үй карантинін бұзған 23 405 келуші, оның ішінде "қызыл" мәртебесі бар 17 696 келуші және "сары" мәртебесі бар 5709 келуші анықталды.
Санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылық саласындағы заңнама талаптарын бұзғаны, сондай-ақ мемлекеттік бақылау және қадағалау органдары берген қаулыларды орындамағаны үшін 30 АЕК айыппұл түріндегі әкімшілік жауапкершілік тәртіпке тарту көзделген. Аумақтық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармаларының мамандары үй карантинін бұзған "қызыл" мәртебесі бар келушілерге қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 425-бабының 1-бөлігі бойынша 123 хаттама жасады және "сары" мәртебесі бар адамдарға санитариялық-эпидемияға қарсы (профилактикалық) іс-шаралар жүргізу туралы 176 қаулы берді. Сонымен қатар, БАҚ - та үй карантинін бұзған 105 адамның аты-жөні жарияланды.
Айта кетейік, елордада эпидемиологиялық жағдай тұрақсыз және қала бесінші күн "сары" аймақта тұр. Осыған байланысты, алдағы мереке күндері мониторингтік топтардың жұмысы күшейтіледі. Қала тұрғындары мен қонақтарына, кәсіпкерлік объектілеріне барлық санитарлық нормалар мен шектеу шараларын қатаң сақтау ұсынылады. Тексерулер тек біреуді жазалау немесе айыппұл салу үшін ғана емес, алдын-алу шараларының орындалуын қамтамасыз ету үшін де жүргізілетінін түсіну керек. Өйткені, қаладағы эпидемиологиялық жағдай осыған байланысты.