
Шығыс Қазақстан облысында вакцинация, ревакцинация, науқастар мен байланыста болған адамдарды оқшаулау және шектеу шараларын сақтаудың арқасында CОVІD-19 аурушаңдығының азаюы және эпидемиологиялық жағдайдың тұрақтануы байқалады. Ағымдағы жылдың 8 қарашасынан бастап коронавирустық инфекция бойынша эпидемиологиялық жағдайды бағалау матрицасына сәйкес облыс тұрақты түрде «жасыл аймақта».
ҚР Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің «Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 2021 жылғы 20 қазандағы № 44 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2021 жылғы 10 желтоқсандағы №55 қаулысына сәйкес, «Ashyq» жобасына қатысатын әлеуметтік-экономикалық объектілерде келушілер мен қызметкерлерде «жасыл статус» болған кезде жұмыс істеуге рұқсат берілген:
- театрлар, кинотеатрлар, концерт залдары, филармониялар – жасыл аймақта орналасқан өңірлерде – толтырылуы 80%, сары аймақта – 70%, қызыл аймақта – 50%-дан аспауы тиіс;
- мәдени нысандарда «жасыл» статусы бар адамдарға репетиция өткізуге шектеусіз рұқсат берілген.
ШҚО Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 2021 жылғы 15 қарашадағы №16 қаулысы мен оған енгізілген өзгерістер мен толықтыруларға сәйкес ҚР Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің қаулыларымен айқындалған санитариялық қағидаларды, алгоритмдерді (талаптарды) және күшейтілген санитариялық-дезинфекциялық режимді сақтаған кезде «Ashyq» жобасына қатысатын объектілерде «жасыл» аймақта персонал мен келушілердің «жасыл статусы» болған кезде толтырылуы 50%-ға дейін, бірақ 100 орыннан аспайтын салтанатты іс-шаралар өткізуге рұқсат берілген.
Естеріңізге сала кетейік, биылғы жылдың қараша айының жиырмасы кездерінде Оңтүстік Африкада коронавирустың жаңа штаммы – «омикрон» анықталды. Коронавирустың жаңа штаммы көптеген елдерде алаңдаушылық тудырды. ДДҰ зерттеулері көрсеткендей, жаңа штамм қауіпті және «дельта» нұсқасына қарағанда тезірек таралады екен.
Әлемдегі тұрақсыз жағдайға байланысты Шығыс Қазақстан облысының Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті Жаңа жылды отбасылық ортада атап өтуді, үлкен іс-шараларды өткізуден бас тарту, коронавирусты таратпау бойынша негізгі ұсыныстарды сақтау, оның ішінде көпшілік жиналатын орындардан бас тартуды ұсынады.