Қазақстан Республикасында карантин талаптарын сақтамағаны үшін 2,2 млрд теңгеден астам айыппұл салынды

Қазақстан Республикасында карантин талаптарын сақтамағаны үшін 2,2 млрд теңгеден астам айыппұл салынды

             Желтоқсан айына қалыптасқан жағдай бойынша елімізде карантиндік шектеу шараларын бұзған 30 700 жағдай анықталды. Атап айтқанда, 1 132 171 объекті тексерумен қамтылып, нәтижесінде 119 нысан қызметі тоқтатылды.

             Тексеру жұмыстарының басым бөлігі Нұр-Сұлтан қаласында – 42 383, Алматы облысында – 35 919, Шығыс Қазақстан облысында - 29 517 жүргізілді.  Салынған айыппұл сомасы бойынша көш бастап тұрған аймақтар қатарында 538,5 млн теңгемен Алматы қаласы, 264,6 млн теңгемен Түркістан облысы және 235,6 млн.теңгемен Нұр-Сұлтан қаласы тұр. Қалыптасқан жағдайды талдай отырып, салынған айыппұлдардың жалпы сомасының 23,5% - ы Алматы қаласына тиесілі екенін атап өтуге болады.

             Кәсіпкерлік және қызмет көрсету саласындағы объектілер жергілікті әкімдік пен полиция өкілдерінен, сонымен қатар еріктілер, қоғам белсенділерінен құралған мониторингтік топтармен тексеріледі. Өңірлік әкімдіктің интернет ресурстарында тексеруге шығатын мониторингтік топ мүшелерінің тізімі жарияланады. Жыл басынан бері елде барлығы 1 859 мониторингтік топ ұйымдастырылды.

            Тексерулер қорытындысы бойынша санитариялық-карантиндік шараларды сақтамағаны үшін ҚР ӘҚБтК-нің 425-бабына сәйкес 16 706 заңды және 10 718 жеке тұлға жауапкершілікке тартылды. Аталған бап бойынша жеке тұлғалар үшін 30 АЕК, кәсіпкерлік субъектілері үшін 230 АЕК-тен 1 600 АЕК-ке дейін айыппұл қарастырылған. Мысалы, соңғы 10 күнде салынған айыппұл сомасы 42,7 млн теңгені құрады, бұл жыл басынан бері санкциялардың жалпы сомасын 2 289,6 млн теңгеге дейін арттырды.

            Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті елдегі эпидемиологиялық жағдайды жақсарту үшін кәсіпкерлер мен жеке тұлғаларды карантиндік шараларды қатаң сақтауға шақырады.