
Ағымдағы жылдың қазан айының ортасынан бері Батыс Қазақстан облысы эпидемиологиялық жағдайды бағалау матрицасы бойынша "жасыл" аймақта орналасқан. Соған орай облыс аумағында карантиндік шектеу шаралары жеңілдетілген. Бірақ шектеу шараларын жеңілдету арқаны кеңге жаюға болады дегенді білдірмейді. Коронавирус инфекциясы түрлі мутацияларға ұшырауда. Сондықтан, әлі де болса санитарлық талаптарды сақтауымыз қажет. Бірақ белгілі болғандай, бәрі бірдей сақтық шараларын сақтай бермейді.
ҚР және БҚО Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерлері қаулыларының орындалуын бақылау мақсатында облыста мониторингтік топ рейд жұмыстарын жүргізуде. Үстіміздегі жылдың тек қараша айында жүргізілген рейд кезінде жұмыс тобы бетперде режимін сақтамаудың 15 фактісі бойынша (оның ішінде 6 қоғамдық көлік жүргізушісі, 8 жолаушы және 1 азық-түлік дүкенінің иесі) аумақтық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармаларына материалдар жіберді. Сондай-ақ, СЭБД басқармалары осы уақыт аралығында қоғамдық тамақтану орындарына 5 шұғыл хабарлама алған болатын.
Анықталған жайттар бойынша әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттамалар толтырылып, ӘҚБтК 425-бабының 1-бөлігі бойынша барлығы 1 137 630 теңгеге айыппұл салынды.
Айта кетелік, жыл басынан бері мониторингтік топ 35233 нысанды қамтыған 4748 рейд жүргізіп, 401 бұзушылықты анықтаған болатын. БҚО Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің қаулысына сәйкес, қызметіне тыйым салынған кәсіпкерлік нысандардың жұмыс істеуі, жеке қорғаныш құралдарының болмауы, бетперде режимін сақтамау, көпшіліктің қатысуымен отбасылық іс-шараны өткізу секілді бұзушылықтар бойынша 576 хаттама толтырылып, ӘҚБтК 425-бабының 1-бөлігімен барлығы 34 726 885 теңгеге айыппұл салынды.
Қабылданып отырған шаралардың барлығы да вирустың таралуына жол бермеу мақсатында енгізіліп жатырғандығын ескерте отырып, алдағы мереке күндері қарсаңында тұрғындардан адамдар көп жиналатын іс-шараларды өткізбеуді, маска режимін және арақашықтықты сақтауды сұраймыз. Тек осы талаптарды сақтағанда ғана біз коронавирусты жеңе аламыз.