
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы 26 қарашада Вирустардың эволюциясы жөніндегі техникалық кеңес беру тобының (TAG-VE) ұсынысы бойынша B. 1.1.529 "Омикрон" нұсқасын алаңдаушылық тудырған штамм ретінде белгіледі. Мұндай шешім аурудың ауырлығына немесе таралу жылдамдығына әсерін сипаттайтын “омикрондағы” мутациялар санына байланысты қабылданды.
Оңтүстік Африка және бүкіл әлемнің ғалымдары мен зерттеушілері “омикронның” жаңа нұсқасы туралы қосымша зерттеулер жүргізуде, олардың нәтижелері ашық ақпарат көздерінде жариялануда. Эпидемиологтар вирустың басқа айналымдағы нұсқаларымен салыстырғанда Оңтүстік Африканың барлық провинцияларында “омикронды” жұқтыру жағдайларының артып келе жатқанын мәлімдеді.
Бүгінгі таңда “омикрон” инфекциясын зерттеудің қолда бар нәтижелері “дельта” штамымен және инфекцияның басқа нұсқаларымен салыстырғанда аурудың ауырлығын нақты анықтай алмайды. Соңғы деректер коронавирустың бұған дейін алаңдаушылық тудырған басқа нұсқалармен салыстырғанда “омикрон” нұсқасымен вирусты қайта жұқтыру қаупінің жоғары екендігін көрсетуде. Алайда инфекция туралы ақпараттар жүргізіліп жатқан зерттеулердің жақын апталардағы нәтижелері бойынша нақтыланатын болады.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының зерттеу топтарын және оның техникалық серіктестерін шоғырландыру вакциналар мен алдын-алу шараларының “омикрон” штамына әсерін зерттеуге бағытталған.
Әлем ғалымдары жаңа штамның қауіптілігін төмендету үшін уақыт жоғалтпай вакцинациялануға кеңес береді. Себебі ауырып қалған жағдайдың өзінде оны жеңіл өткеруге, сондай-ақ өлім жағдайларына жеткізбеуге толық мүмкіндік беретіндігін алға тартады.