Коронавирустың эпидемиологиялық ахуалы туралы

Коронавирустың эпидемиологиялық ахуалы туралы

Өткен жылдың наурыз айында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы коронавирустық инфекцияның пандемиясын жариялады, ол әлі де жалғасуда және бүгінде барлық елдердің денсаулық сақтау саласындағы өзекті мәселелердің бірі болып қалуда. 

Қазақстан коронавирустық инфекция штамының жаңа нұсқаларының пайда болуына байланысты сырқаттанушылықтың 4 толқынынан өтті. Аурудың соңғы өскен кезде шарықтаған кезінде тәулігіне 7 800-ге дейін жағдай тіркелді.

Коронавирустық инфекцияның алғашқы жағдайлары 2020 жылғы 13 наурызда тіркелді.

Қазақстанда мынадай шаралар қабылданды:

  • өткен жылғы 16 наурызда Мемлекет басшысы төтенше жағдай режимін енгізді;
  • төтенше жағдай кезеңінде Қазақстан Республикасы Президентінің жанынан төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссия құрылды;
  • ҚР Премьер-Министрі орынбасарының төрағалық етуімен Қазақстанда коронавирусты таратпау жөніндегі ведомствоаралық комиссия құрылды, ол қазіргі уақытта жұмысын жалғастыруда;
  • КВИ-дің таралуына қарсы іс-қимыл жоспары қабылданды;
  • Денсаулық сақтау министрлігі жанынан Қазақстан Республикасында коронавирустық инфекцияның жаңа түрінің әкелінуі мен таралуының алдын алу жөніндегі республикалық штаб құрылды, ол денсаулық сақтау ұйымдарының коронавирустық инфекциямен күрес жөніндегі қызметін үйлестіреді.
  • Денсаулық сақтау министрлігінің Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының базасында қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы төтенше жағдайлар жөніндегі жедел орталық құрылды, ол қазіргі уақытта тәулік бойы (аптасына 24 сағат, 7 жұмыс күні) жұмыс істейді.

Қазақстан Республикасында коронавирустық инфекция ауруының әкелінуі мен таралуының алдын алу мақсатында мемлекеттік шекарадағы өткізу пункттерінде, оның ішінде теміржол, автомобиль, әуе, теңіз көлігі объектілерінде санитариялық-эпидемиологиялық режим күшейтілді.

Қызметі қайта басталатын объектілер үшін санитариялық-карантиндік шараларды ескере отырып алгоритмдер әзірленді (санитариялық-дезинфекциялық режим, әлеуметтік қашықтық, медициналық маскаларды пайдалану, санитайзерлердің болуы және басқалар).

COVID-19 бойынша эпидемиологиялық жағдай, қабылданатын шаралар мен сырқаттанушылықтың болжамы Коронавирустық инфекцияның таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның және өңірлердегі Жедел штабтардың отырыстарында тұрақты негізде қаралады.

Денсаулық сақтау министрлігі жанынан коронавирустық инфекциямен сырқаттанушылықты болжау және қажетті жауап шараларын әзірлеу жөніндегі жұмыс тобы құрылды. Жұмыс тобы орта мерзімді және қысқа мерзімді болжамдар жасайды.

Эпидемиологиялық жағдайды бағалау болжам мен матрица негізінде жүргізіледі, оның көмегімен шектеу шараларын күшейту немесе жеңілдету жөнінде шешімдер қабылданады.

Бүгінгі таңда КВИ-ге қарсы вакцинация өзін-өзі оқшаулау мен карантиннің жалғыз баламасы деп танылды. Бүгінгі таңда КВИ штамдарының пайда болуы мен таралуын болдырмау үшін ұжымдық иммунитеттің қажетті деңгейіне қол жеткізу маңызды.

Қазақстанда Қарағанды фармацевтикалық кешенінің базасында «Спутник V» вакцинасы өндірісі орналастырылды және «ҚР БҒМ БҚПҒЗИ» ШЖҚ РМК базасында «QazVac» отандық вакцинасының өндірісі іске қосылды.

Республика азаматтарына коронавирустық инфекция пандемиясы жағдайында шұғыл қолдану үшін «Гам-КОВИД-Вак» (Спутник V), «QazVac», «Hayat-Vax» вакциналарының, сондай-ақ Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДҰ) мақұлдаған «КоронаВак» және «Синофарм» вакциналарының бес түріне қол жеткізу қамтамасыз етілген.

Короновирустық инфекцияның таралуын бақылау, сондай-ақ жұқтыру ошақтарын уақтылы оқшаулау мақсатында «COVID-19 бақылау орталығы» веб-қосымшасы енгізілді, онда COVID-19 расталған барлық жағдайлардың есебі жүргізіледі және күнделікті статистика қалыптасады.

Қоғамдық орындарға кіру және шығу кезінде кодты сканерлеу арқылы пайдаланушының болу уақыты мен орнын қадағалауға мүмкіндік беретін «ASHYQ» мобильді қосымшасы әзірленді.

Медициналық ақпараттық жүйеде халықты вакцинациялаумен қамту мониторингі үшін «ВАКЦИНАЦИЯ» модулі әзірленді;

Халықаралық жүйелермен интеграциялау мүмкіндігімен вакцинациялаудың электрондық паспорты әзірленіп, енгізілді, бұл барлық вакциналанғандардың тұрақты есебін жүргізуге мүмкіндік береді. Бұл ақпараттық жүйе «Ashyq» мобильді қосымшасымен интеграцияланған.

  Министрлік әкелінген жағдайлардың және вирустың мутациялық өзгергіштігінің мониторингін қамтамасыз ету үшін вирустарға генетикалық зерттеу жүргізеді.

Тұрақты түрде сынама зерттеліп отырады, нәтижесінде наурызда «Британ» Alpha штамы, «Оңтүстік Африка» Beta штамы, маусымда «Үнді» Delta штамы, тамызда «Нигерия» Еta штамы анықталды.

Сонымен қатар коронавирустық инфекция пандемиясы жағдайында Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің бір елден екінші елге аттанғысы келетін азаматтары үшін қолайлылықты қамтамасыз ету мақсатында, бұл ретте екі елдің талаптарын қамтамасыз ете отырып, «COVID-19-сыз саяхаттаймын» мобильді қосымшасы әзірленді, оған сенімді зертханалар желісі және жүргізілген тесттердің нәтижелерін растау тетігі кіреді.

«COVID-19-сыз саяхаттаймын» мобильді қосымшасы (бұдан әрі – Қосымша) ЕАЭО-ға мүше мемлекеттерде (Армения, Белоруссия, Қазақстан, Қырғыз Республикасы және Ресей Федерациясы) әуе өткізу пункттері арқылы шекараны кесіп өткен кезде пайдаланылады.

КВИ бойынша профилактикалық және эпидемияға қарсы іс-шараларды уақтылы жүргізу сырқаттанушылықтың таралу қарқынын тежеуге және елдегі эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыруға ықпал етті.