
Елімізде эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру және ұжымдық иммунитетті қамтамасыз ету мақсатында ҚР Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 2021 жылғы 20 қазандағы №46 қаулысы бойынша «Комирнати» (Пфайзер, АҚШ) мРНҚ-вакцинасымен 12-ден 18 жасқа дейінгі жасөспірімдерді, жүкті әйелдерді және лактация кезеңіндегі әйелдерді вакцинациялау басталды.
19 қарашада Батыс Қазақстан облысына Pfizer компаниясы өндіріп шығарған «Комирнати» вакцинасының 29 250 дозасы жеткізілді. Алдын ала әзірлік және бірлескен әрекет арқасында вакцинация жұмысы ертеңгі күні, яғни 20 қарашада басталып та кетті.
Вакцинацияның алғашқы күні барлығы 246 адам екпе салдырды. Оның ішінде 16-37 апта аралығындағы жүкті әйелдер - 11, лактация кезеңіндегі әйелдер - 120, 12-18 жас аралығындағы жасөспірімдер саны - 115.
Барлық жағдайда да вакцинация жүргізу алдында медицина қызметкері олардың артериялық қысымын, сатурация, температурасын өлшей отырып, тері жабындары мен көрінетін сілемейлі қабықтарды қарап тексеріп, жалпы жай-күйін бағалады. Екпе алғандар сол жерде 30 минут бойы медициналық бақылауда болды. Кейіннен медициналық бақылау келесі 3 күн бойы қоңырау шалу арқылы жүргізілетін болады.
Айта кету керек, Қазақстанда жасөспірімдерді вакцинациялау ерікті және олардың ата-аналары мен заңды өкілдерінің алдын ала ақпараттандырылған келісімімен ғана жүргізіледі.