
Түркістан облысында коронавирус инфекциясына қарсы «Комирнати» екпесін салу жұмыстары 15-ші қарашадан басталып, нәтижесінде жастары 12-17 аралығындағы 973 жасөспірім, 365 жүкті, 153 лактация кезеңіндегі аналар екпемен қамтылды.
Өңір эпидемиологтары тиімділігі 95% көрсеткен «Комирнати» вакцинасы оқушылар мен жүкті әйелдер арасындағы аурушаңдықты тұрақтандырып, ұжымдық иммунитеттің қалыптасуына септігін тигізетіндігіне сенімді.
Түрлі мутацияларға ұшыраған Covid-19 инфекциясы кез келген жастағы адамдарға қауіпті. Жыл басынан бері облыста 14- жасқа дейінгі 2 233 бала, оның ішінде жаңа оқу жылы басталғалы 395 оқушы коронавируспен ауырып, 206 сыныпқа карантин жарияланды.
Мамандардың айтуынша эпидемиологиялық тексеру кездерінде белгілі болғандай, балалардың көбісі Covid-19 инфекциясын науқас ата-аналарымен және білім мекемелерінде байланыста болғанда жұқтырған.
Сондықтан ересектердің ғана емес, жасөспірімдердің де коронавирусқа қарсы иммунитетін көтеру маңызды. Түркістан облысында жалпы вакцинациялануға жоспарланған (1 031 870) халықтың 1 009 314-і, яғни 96,2% вакцинаның І-ші компонетімен қамтылған.
Айтып өтейік, ДДҰ 12-17 жас аралығындағы жасөспірімдерді «Комирнати» вакцинасымен егілуді ұсынады. Бүгінгі таңда Pfizer вакцинасын Израиль, Франция, Италия, Испания, Германия, Бразилия, Қытай, Швеция, Ұлыбритания, АҚШ, Аргентина және т.б. көптеген дамыған елдерде балаларды КВИ-ге қарсы вакцинациялауда қолдануда.