Жасөспірімдерді коронавирустық инфекцияға қарсы иммундау

Жасөспірімдерді коронавирустық инфекцияға қарсы иммундау

              Павлодар облысының санитариялық эпидемиологиялық бақылау департаментінде осындай атаумен денсаулық сақтау және білім беру басқармаларының мамандары, медицина қызметкерлері, мектеп мұғалімдері мен жалпы орта білім беру ұйымдарының басшылары  үшін зум-режимде алғашқы семинар өтті. Шараға  100-ге тарта адам қатысты.

              Департамент эпидемиологтары облыстағы ағымдағы эпидемиологиялық жағдай туралы, вакцинацияның маңыздылығы және оның жұқпалы аурулармен күрестегі орны, Қазақстанда 12-18 жас аралығындағы жасөспірімдерді вакцинациялау кампаниясының басталуы, елге  келген «Pfizer» вакцинасы, сондай-ақ вакцинациялауды жүргізу алгоритмі, препараттың құрамы мен сақталу ерекшеліктері туралы айтты. Ата-аналармен түсіндіру жұмыстарын жүргізу мәселелеріне ерекше назар аударылып, аталған іс-шараның ерікті түрде жүргізілетіні сөз болды.  

              Оқыту семинарларының циклі облыстың барлық жауапты мамандары үшін ғана емес, сонымен қатар жасөсперімдерді вакцинациялау бойынша сұрақтарына жауап алғысы келетін ата-аналар үшін де өтеді. Департамент бұл тақырыпта түсініктеме беру үшін ата-аналар жиналысы кезінде зум-форматта эпидемиологтарды қосуға мүмкіндік беретін семинарларды өткізу кестесін әзірледі.

               Қазіргі уақытта аймақта ата-аналары жасөспірімдерді коронавирустық инфекцияға қарсы вакцинациялауға келісім берген жасөспірімдердің тізімі жасалып жатыр. Жалпы алғанда, облыста  жасы 12-ден 18 жас аралығында 40 013 жуық жасөспірім бар. Ал жүктіліктің 16-шы аптасынан 37-ші аптасына дейінгі жүкті және лактация кезеңіндегі  әйелдердің саны 20 мыңға жуық.

              Павлодар облысына жалпы саны  63 180 адамға арналған 126 360 «Pfizer»  вакцинасы келеді деп күтілуде. Азаматтардың аталмыш санатын вакцинациялау кампаниясы қарашаның екінші жартысынан басталады.

              Еске салайық, 12-17 жас аралығындағы жасөспірімдерді вакцинациялау «Комирнати» («Пфайзер» компаниясы) вакцинасымен жүргізіледі, оны ДДҰ азаматтардың бұл санаты үшін коронавирустық инфекциядан ең тиімді қорғанысы ретінде мақұлдаған. Бірінші кезеңде вакцинаны 16-18 жас аралығындағы жасөспірімдер алады. Жасөспірімдерді вакцинациялау емханалар мен білім беру ұйымдарының егу пункттерінде жүргізілетін болады. Вакцинация ата-аналардың немесе заңды өкілдерінің келісімімен ерікті түрде жүргізіледі. Сондай-ақ, ата-аналар емханада немесе мектепте вакцинациялау  үрдісіне қатыса алады.