
Қостанай облысында COVID-19 қарсы екпе алу қарқыны жақсы деңгейде, бүгінгі таңда бірінші компонентпен 333 540 адам (66,0%), вакцинацияның толық курсын 309 867 адам алды. Екпе салдырғаннан кейін қолайсыз көріністер тіркелген жоқ. Вакцинация өткізу үшін облыста 181 егу пункті және 31 көшпелі мобильді егу бригадасы іске қосылды.
Аймақ тұрғындарын иммундау Спутник V, QazVac, Sinopharm, Sinovac препараттарымен жүзеге асырылып келеді. Вакцинацияның жоғары қарқыны Қарасу (78,4%) және Ұзынкөл (76,3%) аудандарында байқалады. Жақын күндері Қостанай облысына "Pfizer" вакцинасын жеткізу күтілуде. Аталмыш препаратпен иммундауға 12 және одан жоғары жастағы жасөспірімдер, жүкті әйелдер - жүктіліктің 16-шы аптасынан 37-ші аптасына дейін, сондай - ақ лактация кезеңіндегі әйелдер-босанғаннан кейінгі кезең аяқталғаннан кейін (42 күннен кейін) жатады.
Облысқа жұмыс температурасы минус 90°C-тан минус 60°C-қа дейінгі американдық вакцинаны сақтауға арнайы алынған төрт мұздатқыштың екеуі жеткізілді.
Балаларды КВИ-ға қарсы вакцинациялау республиканың білім беру ұйымдарында және егу пункттері желісінде, кәмелетке толмағандардың ата-аналарының немесе өзге де заңды өкілдерінің ерікті келісімінен кейін ғана жүргізілетінін атап өткен жөн. Иммундау алдында тексеру, сондай-ақ аллергия мен созылмалы аурулардың болуы туралы сауалнама жүргізу қажет.