
Эпидемиологиялық жағдайды бағалау матрицасына сәйкес Шығыс Қазақстан облысы 1 қыркүйектен бастап «сары» аймаққа ауысты. Облыстың «сары» аймаққа өтуі ҚР және облыстың Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің қаулыларымен белгіленген жекелеген карантиндік шектеулерді сақтау қажеттілігін жоймайды.
Бүгінде облыста 200 мониторингтік топ тексеру жұмыстарын жүргізеді. 2021 жылғы 1 қаңтар мен 6 қараша аралығында 26 645 рейд жүргізіліп, 76 971 нысан қамтылды. 5 636 нысаннан санитарлық талаптың сақталмауы туралы бұзушылықтар анықталды.
Ағымдағы жылдың көрсетілген мерзімінде анықталған бұзушылықтар үшін карантиндік және шектеу режимі мен санитарлық ережелердің талаптарын бұзғаны үшін әкімшілік құқық бұзушылық туралы 2 473 хаттама толтырылып, жалпы сомасы 143 млн. теңгеден астам 2 336 айыппұл салынды.
Оның ішінде лауазымды тұлғаларға – 5, бизнес субъектілеріне – 87, жеке тұлғаларға – 2 244.
Көпшілік жиналатын орындарда бетперделік тәртіпті сақтамау әлі де байқалады. Сондықтан санитарлық ережелер мен мемлекеттік санитариялық дәрігерлердің барлық талаптарын сақтауды сұраймыз.