
Бүгін Вице-министр Ажар Ғиният бастаған ҚР аумағында коронавирустық инфекцияның таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық штабтың көшпелі тобы жұмыс сапарымен Павлодар облысына барды. Делегация құрамында Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы Айжан Есмағамбетова да бар.
Сапардың мақсаты-коронавирустық инфекцияның таралуына қарсы күрес жөніндегі шараларды іске асыру, COVID-19 және тұмауға қарсы вакцинациялау қарқыны, денсаулық сақтау жүйесін дамыту, медициналық ұйымдарға ұйымдастырушылық-әдістемелік көмек көрсету және өңірдің жүкті әйелдер мен балаларды вакцинациялауға дайындығын бағалау.
Алғашқы нысандардың бірі - 2020 жылы КВИ науқастарын емдеу үшін салынған 200 төсек-орындық модульдік жұқпалы аурулар ауруханасы. Вице-министр мен СЭБК төрағасы құрал-жабдықтармен танысты, Анестезиология және қарқынды терапия, қабылдау бөлімшесінің, инфекциялық бөлімшелердің жұмысын тексерді.
Айжан Есмағамбетова қызметкерлер мен пациенттердің инфекциялық қауіпсіздігі, коронавирустық инфекцияның алдын алу бойынша санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды сақтау мәселелеріне ерекше назар аударды.
Сонымен қатар делегация №3 қалалық емханада, онкологиялық диспансерде, Г. Сұлтанова атындағы облыстық аурухананың перинаталдық орталығында және облыс бойынша пациенттерді қабылдайтын балалар ауруханасында болды. Делегация мүшелері аталған медициналық ұйымдардың бейінді бөлімшелерін, заманауи аппаратурамен жабдықталу деңгейін қарап, кадрлық әлеуетті бағалады.
СЭБК төрағасы өз тарапынан емханалар мен стационарлардағы санитариялық қауіпсіздікке, сондай-ақ covid-19 бойынша эпидемиологиялық жағдайға және вакцинация науқанының қарқынына ерекше назар аударды, бұл туралы өңір басшылығының қатысуымен коронавирустық инфекцияның таралуына жол бермеу жөніндегі облыстық штаб отырысында баяндалды.
Атқарушы билік пен медициналық ұйымдардың осы бағыттағы жұмысына оң баға берілді. Ажар Ғиният пен Айжан Есмағамбетова тұрақты бақылауды қажет ететін міндеттерді атап өтті.