
«Ashyq» жобасы Шығыс Қазақстанда 26 сәуірден бастап іске қосылған.
Қазіргі уақытта облыс аумағында «ASHYQ» жобасына 9115 субъекті қатысуда, оның ішінде: ресми қатысушылар – 9002, 113 нысан сынақ режимінде өтуде.
Бизнес үшін аталмыш қосымшаны пайдалану шектеу шараларына қарамастан жұмыс істеуге мүмкіндік береді.
Үйде оқшаулануды бұзу фактілері тұрақты түрде тіркеледі, 2021 жылғы 10 маусым мен 26 қазан аралығында «ASHYQ» мобильдік қосымшасы бойынша «қызыл» статустағы 1722 адам, «сары» статусы бар 2632 адам анықталды.
Санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылық саласындағы заңнама талаптарын бұзғаны, сондай-ақ мемлекеттік бақылау және қадағалау органдары берген қаулыларды орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тарту қарастырылған.
«ASHYQ» бойынша алғаш рет анықталған «сары» статус бойынша қаулы беріледі, ал қайта анықталған кезде 462-баптың 3-бөлігі бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылып, кейіннен сотқа жіберіледі. «қызыл» статус бойынша 47-бұйрықты бұзғаны үшін 425-баптың 1-бөлігіне сәйкес бірден әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылады.
Айта кетейік, Шығыс Қазақстанда бүгінде 3 млн. теңгеден астам сомаға 97 жеке тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
ШҚО Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті үй карантиніндегі облыс тұрғындарын оқшаулау режимін бұзбауға шақырады. Сондай-ақ, науқаспен қарым-қатынаста болған тұлғалар басқа да адамдарға вирусты жұқтырмау үшін өзін-өзі оқшаулау режимін қатаң сақтауы тиіс.
Қазір облыстағы эпидемиологиялық жағдай тұрақсыз күйде. Коронавирусты жұқтыру жағдайларының саны артып келеді. Өңірдің тұрғындары мен қонақтарына, кәсіпкерлік объектілеріне барлық шектеу және карантин шараларын сақтау ұсынылады.