
Ағымдағы жылы облыс бюджетінен "Гриппол плюс"ресейлік вакцинасының 120 000 дозасын сатып алуға 117 762 000 теңге бөлінді. Тұмаудан тегін иммундау медицина қызметкерлеріне, балаларға, әлеуметтік мекемелердің тәрбиеленушілеріне, медициналық-әлеуметтік ұйымдардың қызмет алушыларына, бала көтерудің екінші немесе үшінші триместріндегі жүкті әйелдерге, жүрек - қантамыр жүйесі мен тыныс алу органдарының созылмалы аурулары бар адамдарға қолжетімді.
Сондай-ақ, вакцинация эпидемиологиялық көрсеткіштер бойынша жүргізіледі. Бұдан басқа, кәсіпорындар мен ұйымдардың қызметкерлері мен олардың отбасы мүшелерін иммундау жұмыс берушілердің қаражаты есебінен көзделген.
Жыл басынан бері облыс бойынша тұмау жағдайы әлі тіркелген жоқ. Осы маусымда Маңғыстау облысы халқының 16,3 пайызын вакцинамен қамту жоспарланған. Тегін екпелер мемлекеттік медициналық ұйымдарда жасалады. Сонымен қатар, тұрғындарды жеке вакцинация орталықтарында иммундауға болады. Ақтауда тұмауға қарсы ақылы профилактикалық егулер жүргізілетін 2 медициналық кабинет бар.